АҚТӨБЕ: БАС МҮФТИ БАБАЛАР РУХЫНА 100 ҚҰРАН ХАТЫМ ДҰҒАСЫН ЖАСАДЫ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе қаласындағы орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен рухани шарада Ақтөбе жерінен шыққан ахуандар мен ишандар, сонымен қатар еліміздің ертеңі үшін шейіт болған бабалар рухынаарнап, 100 Құран хатым дұғасын жасады.
Дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан игі шараға зиялы қауым өкілдері, республикалық Құран байқауының әділқазылары, қарилар мен қала тұрғындары қатысты.
Тарихи іс-шарада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бүгін қасиетті Құран Кәрімді жүз мәрте хатым етіп, оның дұғасын жасауға жиналып отырмыз. Алла Тағала жасаған құлшылығымызды қабыл етіп, қасиетті Құранның шарапатын баршамызға нәсіп етсін! Құран – Алла Тағаланың адамзатқа жіберген ұлы кітабы. Ол – жүрекке шипа, көңілге медет, өмірімізге бағыт-бағдар беретін ұлы сый.
Алла Тағала: «Расында, бұл Құран ең тура жолға бастайды» («Исра» сүресі, 9-аят), – деп баяндайды. Демек, Құран көп оқылатын кітап қана емес, адам өмірін түзейтін, жүрегін тәрбиелейтін, мінезін көркейтетін қасиетті кітап.
Алла Тағала дүниеден өткен ахундар мен ишандарды, батыр бабаларымыз бен ұлт қамы үшін шейіт болған боздақтарымызды, барша марқұм мұсылман бауырларымызды рақымына бөлеп, қабірлерін нұрға толтырғай, дәрежелерін арттырып, күнәларын кешіргей! Әумин!»,–деді.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі



















































