Пәтуа сағаты: Жамағаттың діни сауаты үнемі назарда
Ақтөбе облысы бойынша мешіттерде кезекті «Пәтуа сағаты» өтті. Жұма намазынан кейін ұйымдастырылған бұл кездесуде жамағаттың діни сауалдары тыңдалып, шариғат негізінде нақты жауаптар берілді.
Пәтуа сағаты барысында «Шәуәл оразасын ұстай беруге бола ма?», «Қаза оразаны қай уақытта өтеу керек?» деген өзекті сұрақтар кеңінен түсіндірілді. Имамдар Шәуәл айындағы алты күн оразаның сауабы мол екенін атап өтіп, оны Рамазан айынан кейін ұстаудың артықшылығын жеткізді. Сонымен қатар, қаза болған оразаларды мүмкіндігінше кешіктірмей өтеу қажеттігі, оны Шәуәл айында да ұстауға болатыны, алайда алдымен қаза оразаны өтеу абзал екені айтылды.
Бұдан бөлек, жамағат тарапынан намаз, ораза, зекет және күнделікті өмірге қатысты түрлі діни сұрақтар қойылып, барлығына Құран мен сүннет аясында тұшымды жауаптар берілді. Имамдар тұрғындарды діни мәселелерде сенімді дереккөздерге жүгінуге, құлшылықтарды дұрыс әрі ықыласпен орындауға шақырды.
Осындай «Пәтуа сағаттары» халықтың діни білімін арттырып, қоғамда дұрыс түсініктің қалыптасуына оң әсерін тигізуде.









































