«Пайғамбар жырын» жазған жырау «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды 6752

«Пайғамбар жырын» жазған жырау «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

25 қазан 2026 132 Оқу 1 минут

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, «Пайғамбар жыры», «Пайғамбарлар жыры» кітаптарының авторы Әділбек Сарин мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, жоғары марапат — «Ерен еңбегі үшін» медалін Әділбек Саринге Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров салтанатты түрде табыс етті.

Мемлекеттік жоғары марапат — жыраудың ұлттық өнерді, батырлар жыры мен Ислам құндылықтарын насихаттау жолындағы ерен еңбегінің лайықты бағасы.

Әділбек Сарин — қазақтың байырғы жыраулық дәстүрін қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа аманаттап жүрген бірегей тұлға. Оның қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан үлкен олжасы – ислам тарихы мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырын қазақтың дәстүрлі жыр мақамымен өрнектеген көлемді «Пайғамбар жыры» және «Пайғамбарлар жыры» туындылары. Дін мен дәстүрді сабақтастырған бұл еңбектер оқырман қауым мен зиялы қауым тарапынан өте жоғары бағаланған болатын. Бұдан бөлек, жырау өзі жетекшілік ететін «Ер Едіге» жыр мектебі арқылы 100-ге жуық жас жыршыны тәрбиелеп, пайғамбарлар, батырлар жырын, эпикалық мұраларды насихаттау ісінде аянбай еңбек етіп келеді.

Айта кетсек, биыл Рамазан айында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында жыраудың 5 жыл бойы зерттеп жазған, елімізде тұңғыш рет Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты өмір жолын қазақтың жыраулық дәстүріне сай жыр тілінде баяндаған «Пайғамбар жыры» кітабының салтанатты таныстырылымы өтті.

Сонымен қатар Әділбек Сарин мен ол басқаратын «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері Қадір түнінде әлемдік рекорд орнатып, қазақ өнерін дүниежүзіне танытқан болатын. Олар 24 сағат бойы бір сәт те тоқтамастан «Қырымның қырық батыры» эпосы мен «Пайғамбарлар қисасын», яғни 51 мың жыр жолын орындап шықты. Халықаралық сарапшылардың бақылауымен өткен бұл теңдессіз марафон ресми түрде Азия мен Африка елдері бойынша дүниежүзілік рекордтар кітабына (GBR) енгізілді.

Ал Құрбан айтта жарық көрген 25 пайғамбар туралы жазған «Пайғамбарлар жыры» атты іргелі еңбекке Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев арнайы алғы сөз жазып, дін мен дәстүрдің сабақтастығына жоғары баға берген.

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі Әділбек Мұхидуллаұлын лайықты марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс пен зор денсаулық тілейді! Жыр өнерінің абыройы асқақтап, ұлттық мұрамызды ұлықтайтын еңбектер көбейе берсін!

ЖҰМАДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ // Әлемдік рекордқа апаратын жол https://www.youtube.com/watch?v=gG1VaDM3GZ4&t=60s 

Ақтөбелік «Ер Едіге» жыр мектебі әлемдік рекорд орнатты https://nurgasyr.kz/p/tbelik-er-edige-zhyr-mektebi-lemdik-rekord-ornatty

ЖҰМАДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ // АҚИҚАТ ҮНІ: 25 ПАЙҒАМБАРДЫҢ БІЗГЕ ҚАЛДЫРҒАН ӨСИЕТІ / ӘДІЛБЕК САРИН https://www.youtube.com/watch?v=_ZLRugaFqAM&t=162s 

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі