2 Сафар
Ақтөбеде тұңғыш рет "RUHANI CAMP" ұйымдастырылып, жастар бас қосты 4545

Ақтөбеде тұңғыш рет "RUHANI CAMP" ұйымдастырылып, жастар бас қосты

24 мамыр 2025 965 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жылдық жоспарына сай «Жастар ісі» секторының облыс бойынша өкілі Аслан Қорғанның бастамасымен, өңірдегі жастарды рухани әрі мәдени тұрғыда біріктіру мақсатында алғаш рет "RUHANI CAMP" ұйымдастырылды.

Табиғат аясында өткен бұл игі шараға арнайы қонақтар ретінде еліміздің танымал дін ұстаздары қатысып, жастарға тағылымды насихаттар айтып, сұхбаттар өткізді. Атап айтқанда, рухани басқосуға Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов, Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев келіп, жастармен жүздесті.

«Кез келген елдің өзіндік құндылықтары бар. Біздің халқымыздың құндылықтары — имандылық, ізеттілік, бірлік, толеранттылық, т.б. Дін дегеніміз — ғылым, білім, өмір. Өмірді жарық ететін де осы таным — білім, ізгілік. Құранның алғашқы аятының өзі «Оқы!» деген әмірмен түскен. Сол себепті оқуда озат болыңыздар, өз кәсіптеріңіздің білікті маманына айналыңыздар.

Сіздер жалындаған жастық шақта көптеген игіліктерге қол жеткізе аласыздар. Жастық — Алланың берген сыйы. Сондықтан, ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кәрілік келмей тұрып, жастықтың қадірін білуге шақырған. Демек, жас адамның бағындырар белесі көп болмақ» - деді облыстың Бас имамы.

Шара барысында діни-рухани дәрістермен қатар, ұлттық ойындар, спорттық сайыстар және сұрақ жауап ұйымдастырылып, қатысушыларға пайдалы әрі мазмұнды уақыт өткізуге мүмкіндік жасалды.

Ақтөбе облысының барлық аудандарынан 250-ге жуық жастар қатысты. Сонымен қатар өңірдегі мешіттердің имам-ұстаздары да шараға белсенді атсалысты.

Айта кетсек, "RUHANI CAMP" – жастарды имандылыққа, бірлікке, тәрбиелік құндылықтарға баулуда маңызды рөл атқарған ауқымды шара болды. Осындай бастамалар жастардың болашаққа деген сенімін нығайтып, рухани дүниесінің қалыптасуына зор ықпал етеді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі