Облыстың Бас имамы Ырғыз жамағатымен жүздесті
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Ырғыз ауданына барған жұмыс сапары аясында аудандық мешітке барып, жамағатпен кездесті.
Облыстың Бас имамы бесін намазының алдында бірлік пен ынтымақтың маңызы, бауырмалдық туралы насихат айтты.
«Ғалымдарымыз бауырмалдық пен бірлікті жайқалып өскен тоғайға теңеген. Себебі тоғай өсіп, бұтағы көбейген сайын қуатталып, оған қатты жел әсер ете алмайтынындай, ауызбіршілігі мен бауырмалдығы мығым елге ешқандай жамандық теріс әсерін тигізе алмайды.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Денені құрайтын ағзалардың бірігіп дұрыс жұмыс жасағанында дененің сау болатындығы сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, ол қоғам өркендеп гүлденеді» деді Амантай Садиев.
Одан өзге мешіттің тазалығына назар аударып, ғимараттың ішкі және сыртқы жұмыстарын тексерді. Ауданның бас имамы Ғалым Идрисовқа бірқатар тапсырмалар берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі













































