Облыстың Бас имамы «Ақтөбе» медресе-колледжінің студенттерімен кездесті 3813

Облыстың Бас имамы «Ақтөбе» медресе-колледжінің студенттерімен кездесті

10 қазан 2024 554 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев «Ақтөбе» медресе-колледжінің студенттерімен кездесті.

Кездесуге Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы Ә.Тұралиев, Ақтөбе облысының дін істері басқармасының бас маманы Д.Шарғазин, оқу ордасының директоры, РАНТ мүшесі Әбдімүтәлі Қайназарұлы және шәкірттер қатысты.

Алқалы кездесуде облыстың Бас имамы шәкірттерге діни білімнің маңызын, жауапкершілігін айта келе, ата-анаға құрмет көрсету туралы баяндады.

«Асыл дініміз Исламда мұсылман адамның білім алып, оған амал етуінің маңызы өте үлкен. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», – деп, оқуға бұйырған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аят).

Аталған аяттардан оқу, білім алу дініміздің ең басты талаптарының бірі екенін ұғынамыз. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің әрбір сәтінде сахабаларын оқып-білуге, білгенімен амал етіп, өзгелерді де үйретуге шақырған. Мысалы, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың сауатын арттыру үшін Бәдір соғысында қолға түскен меккелік тұтқындардың оқу-жазу білетіндеріне 10 мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен азаттық берген. Пайғамбар мешітінің шетінен қоныс аударып келген жағдайы жоқ сахабаларға арнайы жай әзірлеп, мешітке жинап, іліммен шұғылдануға жұмылдырған» -деді Амантай Садиев.

Ал дін істері басқармасының басшысы болашақ дін қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заңнаманың негіздерін түсіндіріп, бүгінгі күні Ақтөбе облысының діни ахуалының ерекшеліктерімен таныстырды.

Сонымен қатар дін істері басқармасының бас маманы жат ағыммен күрес жолында сапалы, білікті, іскер дін мамандарының қажеттілігін айтып, шәкірттерді өз ісінің маманы болуға шақырды.

Одан өзге медресе-колледж директоры елдің дамуы, игі бастамалардың соңына жетуі және шәкірттердің пайдалы білім алулары керек екенін айтты.

Шара қазақтың дәстүрі бойынша бата беріп, игілік тілеумен қортындыланды.



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі