Қобда жамағаты Абат Байтақ қорымын зиярат етті
ҚМДБ-ның «Дархан дала» жобасы аясында Қобда аудандық орталық мешітінің жамағаты Абат Байтақ қорымын зиярат етті.
Абат Байтақ — Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Талдысай аулынан 12 шақырым жерде орналасқан.
Зират сәулетті — жоспарлық және көркем өнер шешімімен ерекшеленетін әртүрлі мемориалдық құрылыстардан тұрады. Зираттың ортасында 9,52×9,8 м көлемді, екі бөліктен тұратын 11 – қырлы дағыра мен конустық күмбезді «Абат – Байтақ» кесенесі орналасқан. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған. Ішкі қаланған қабаттарда қаттама кірпіш қолданылған. Кесенеге жақын жерде XVIII ғасырда Абат-Байтақ кесенесіне ұқсас шитті күйдірілмеген кірпіштен салынған басқа кесене орналасқан. Халық арасында оны «Қыз моласы» немесе «Әулие Қыз» деп атайды.
Кесенеден батысқа қарай қашаулы стелалы тастармен өрнектелген, XVIII–XX ғасырларға салынған 200 құлпытастар орналасқан. Құлпытастар композияциялық және сәндік шешімдердің әр түрлілігімен ерекшеленеді. Осы ретте 1848 жылы салынған құлпытас қашау шеберлігімен таң қалдырады. Кейбір көлемді – сәндік элементтер ағашты ою әдісімен жасалған. 1893 жылы әйгілі құмдауыт блоктерінен ойып салынған құлпытас сирек кездесетін түрге жатады. «Абат-Байтақ» ескерткішінде қазақ тілінде арабша графикалық құлпытас жазуы мен тамға ойып жазылған.
Жалпы кесене жайлы алғашқы деректі 1800 жылдары француз саяхатшысы Ж.Кастанье құрған экспедициялық топ қалдырды. Олар осы қорымда болып, оны зерттеп, қазақ жеріндегі бірегей сәулет туындысы жайлы көпке мәлім етті. Ж.Кастаньеден кейін 1970 жылдары қазақтан шыққан тарихшы, ғалым М.Меңдіқұлов, оның ізін ала 1979-80 жылдары мәдениет министрілгімен арнайы құрылған «Казреставрация» бірлестігін бастаған С.Әжіғалиев зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Абат-Байтақ кесенесі — еліміздегі сәулеті жағынан ерекше, киелі мекен. Абат-Байтақ — шамамен ХIV ғаcырдың аяғы мен ХV ғасыр басында тұрғызылған сәулет өнерінің туындысы. Ол бүгінде республикалық дәрежеде қорғауда тұр, сондай-ақ Қазақстанның киелі 100 нысанының қатарынан орын алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі




































