#Құрбанайт2026: Ақтөбеде Құрбан айттың екінші күні 365 отбасыға құрбандық еттері таратылды
Құрбан айттың екінші күнінде ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен іске асып жатқан «QURBAN-2026» қайырымдылық акциясы аясында Ақтөбе облысы өкілдігі бойынша жалпы саны құрбандық еттері таратылды. Ал Жалпы 176 мал құрбандыққа шалынып, 5440 келі ет 365 отбасыға үлестірілді.
Құрбан айттың екінші күні шалынған малдардан 3200 келі қой (160 қой), 80 келі ешкі еті (4 ешкі), 2160 келі сиыр еті (12 сиыр) жиналды.
Сайтқа онлайн тіркелген 71 отбасыға, офлайн 292 отбасыға, 2 мекемеге, жалпы 365 отбасыға ет таратылды.
Биылғы құрбандық шалу үрдісі де қашықтан және офлайн түрде ұйымдастырылып, qurban.muftyat.kz сайты арқылы жүзеге асты. Атап айтсақ, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларға жеткізілуде. Сонымен қатар арнайы курьерлік қызметпен жеткізілген құрбандық еттерін алған қала тұрғындары «QURBAN-2026» онлайн қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан жергілікті билік мен облыс, қала, аудан мешіттеріне, жомарт жандар мен еріктілер тобына алғыс білдіріп, Алланың ризалығы мен сауабын тіледі.
Алла Тағала ізгі ниетпен шалған құрбандықтарымыз бен дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Ақтөбе қаласы бойынша 41 разъезд мекен-жайы бойынша орналасқан «Айбек» СТК (41 разъезд 06), «Дала ел» ЖШС мал базары (четный квартал 178, участок 14) және ЖШС «Кайрат 2024» (Жанақоныс 640) құрбандық малын сою орны болып бекітілді.
Еске салсақ, Ақтөбеде Құрбан айттың бірінші күні 3205 отбасы мен 5 мекемеге құрбандық еттері таратылды
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі































































