Қала имам-молдаларына жаназа рәсімдері насихатталды 3204

Қала имам-молдаларына жаназа рәсімдері насихатталды

13 ақпан 2024 1173 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұйымдастыруымен өңірлік имамдар мен молдаларға жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру семинары өтті. Аталған семинарға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы және ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» мекемесінің жергілікті жауапты өкілі Мәжит Әбішев, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ондық алқа мүшелері, Ақылбек Дадин, Өмірбек Дәмен және мешіт молдасы Балкенов Бақыткерей Таужанұлы арнайы қатысып сөз сөйледі.

Семинардың ең негізгі мақсат – қоғамда ең маңызды қызметтің бірі жаназа мәселесіне қатысты мәселелерді талқылап, бірізділікке түсіру. Осыған орай, шара барысында жерлеу рәсімдері, кебіндеу, оң жаққа жатқызу, мәйітті жуындыру мәселелеріне байланысты орын алатын қателіктерді болдырмау және жүйелілікке түсіру турасында сөз қозғалды. Сондай-ақ, құдайы ас және садақаларда діни сауалдар туындаған жағдайда көпшілікке мешіт қызметкерлері мен арнайы имам-ұстаздарға жүгіну қажеттігін ескерту мәселесі де талқыланды. Аталған шараға негіз болған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2024 жылға арналған жылдық жоспарында бекітілген ҚМДБ-ның жанынан құрылған «Qamqor-Sharapat» мекемесінің жұмысын қоғам арасында насихаттау тапсырмасы болды.

«Qamqor-Sharapat» мекемесі мәйітті жерлеуге қатысты барлық атқарылатын рәсімдерді жасауға жәрдем беріп, қабір қазушылар мен жер қойнауына табыстауда, жаназа шығаруы имам тағайындап беру, мекен-жай бойынша көлікпен алып кету сынды т.б істерге көмек көрсетеді.

Осыған қатысты, Ақтөбе қаласы, Ақшат мөлтек ауданынан әкімшілік тарапынан арнайы жер телімі бөлініп, алғашқы жерлеу жұмыстары басталғандығын айта кетейік. Сондай-ақ, Мәртөк, Темір, Шалқар аудандарынына да жер бөлінді.


 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі