Ақтөбе имамдары II жарты жылдық жұмыс жоспарын бекітті 665

Ақтөбе имамдары II жарты жылдық жұмыс жоспарын бекітті

16 маусым 2021 291 Оқу 1 минут

Бүгін, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Ақтөбе қаласы және аудан бас имамдарының қатысуымен алқалы жиын өтті. Жиын 2021 жылдың екінші жарты жылдығында Ақтөбе облысы мешіттерінде атқарылатын іс-шаралар жоспарына арналды.

Жақында Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалған Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібай алдымен қала және аудан бас имамдарынан мешіт жамағаты мен мешіттердің діни ахуалын тыңдады. Мешіттердегі діни кадрлардың тұрақты болу мәселесін көтеріп, оны шешу жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, құжаты рәсімделмеген немесе діни басқарма балансына өтпеген мешіттер мен діни ғимараттардың құжаттарын тез арада рәсімдеу бойынша бірқатар нұсқаулықтар берді.

Биылғы мектеп бітіруші, орта және жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектерді ескеріп, ҚМДБ-ға қарасты діни оқу орындарына талапкер ретінде шәкірт дайындап жіберуді тапсырды.

Сонымен қатар, медресе-колледждер мен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетін бітіріп жатқан биылғы түлектерді қызметке тарту бойынша жұмыс жасап, оларға жасалатын жағдайды шешуді тапсырды.

Үстіміздегі жылдың тамыз айында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің Ақтөбе облысына іс-сапарға келуіне байланысты имамдарға нақты тапсырмалар бекітіп, өткізілетін іс-шараларды қайта пысықтаудан өткізді.

Одан өзге, ҚМДБ-ның биылғы негізгі жеті бағыттары: ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие – Ихсан ілімі, дін мен дәстүр және жат діни ағымдармен жұмыс секілді әр бағытта атқарылатын тапсырмалар бойынша өз уақытында және сапалы іс-шараларды атқару керек екенін ескертті.

Сөз соңында Бас имам Серікжан Еншыбайұлы: «Алдағы уақытта мұсылмандардың ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесі келе жатыр. Осы жауапты да сауапты күндерде халыққа Құрбан шалудың биылғы тәртіптері мен ережелерін жақсылап түсіндіріп, аталмыш іс-шараны жұмыла атқаруға шақырамын» деп сөзін қорытындылады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі