«Мұнара» телеарнасының «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында ойынқұмарлық дертінің діни, медициналық және психологиялық астары талқыланды
«Мұнара» телеарнасынан эфирге шығатын журналист Ақтолқын Тажикованың авторлық «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасының кезекті шығарылымы ҚМДБ бекіткен жылдық жоспар аясында қоғамдағы өзекті дерт — құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) мәселесіне арналды.
Бағдарламаға «Қабақ баба» мешітінің бас имамы Нұрлыбек Дүйсеев пен дәрігер-психиатр, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің психиатрия және наркология курсының оқытушысы Нұрбек Жұмабаев қонақ ретінде қатысты.
Сұхбат барысында сала мамандары қазіргі таңда кең тараған онлайн-казино, букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойындарының шариғаттағы үкімі («мәйсір» ұғымы) және маңдай терсіз келген харам табыстың руханиятқа тигізер зардабы жайлы кеңінен баяндады. Сонымен қатар медицина мен психология тұрғысынан лудоманияның ресми психикалық ауру екені, ойыншы санасындағы иллюзияның пайда болу себептері, адамның неге өздігінен тоқтай алмайтыны және оңалту мен психотерапия арқылы дерттен айығу жолдары сөз болды.
Бағдарламада көпшілікті толғандыратын «лудоманның қарызын ата-анасы немесе жақындары өтеуге міндетті ме?», «қарызын жауып беру ауруды ушықтыра ма?» және тығырыққа тіреліп, үміті үзілген жандарға дін мен психология ұсынатын рухани көмек туралы маңызды сұрақтарға нақты жауап берілді.
Айта кетейік, бағдарламаның толық нұсқасын 27 қараша күні сағат 06:25, 11:30, 19:05 және 22:30-да «Мұнара» телеарнасынан («Otau TV», 26-арна), сондай-ақ арнаның ресми YouTube парақшасы мен muftyat.kz сайтынан тамашалай аласыздар.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі






































