Шалқарда ғасыр жасаған тыл ардагеріне арналған тағылымды шара өтті 6812

Шалқарда ғасыр жасаған тыл ардагеріне арналған тағылымды шара өтті

19 қараша 2026 34 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігіне қарасты Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков аудандық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Тарих – халық зердесі» ғылыми кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Ғасырлық ғұмыр – ұрпаққа өнеге» атты рухани-танымдық кездесуге қатысты.

Шараның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан Шалқар ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, тыл ардагері Қартбай Жұмағалиұлы Қабақбаевтың өнегелі өмірі мен еңбек жолын насихаттау және өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Кездесу басында ғасыр белесіне шыққан ақсақал Қартбай Жұмағалиұлы жиналған қауым мен ұрпақтарына ақ батасын беріп, ағалық ақылын айтты. Одан әрі «Тарих – халық зердесі» ғылыми кеңесінің мүшелері ардагердің еңбек жолы туралы естеліктерімен бөліссе, аудандық саз мектебінің шәкірттері «Қиқу дәурен» күйін күмбірлете орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ қатысушылар назарына ардагер өмірінен сыр шертетін «Ғасыр шыңына шыққан абыз» атты арнайы көрме ұсынылды.

Шара барысында ауданның бас имамы «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында тағылымды насихат айтып, асыл дініміздегі үлкендерге құрмет көрсетудің маңызы мен қариялардың отбасы және қоғам тәрбиесіндегі айрықша рөліне тоқталды.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі