Мөңке бидің 350 жылдығына арналған іс-шаралар бастау алды
Шалқар ауданы, Мөңке би ауылында Мөңке бидің 350 жылдығына арналған іс-шаралар бастау алды.
Шалқар ауданына қарасты Мөңке би ауылында даңқты би, көрнекті тұлға Мөңке Тілеуұлының 350 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өтті. Бұл жиын – республика көлемінде ұйымдастырылатын мерейтойлық шаралардың бастауына айналды.
Жиынға аудан әкімі Жанболат Жидеханов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асан, «Мөңке би» атындағы қордың төрағасы Марат Мұңайтбасов, аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Джуманов, «Матай Қоқанұлы» мешітінің азаншысы Қайрат Қаймолдин, «Мөңке би» мешітінің имамы Ырғызбекұлы Жаңабек, ақсақалдар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз сөйлеп, ұлы бидің мұрасын дәріптеудің маңызына тоқталды.
«Матай Қоқанұлы» мешітінің азаншысы Қайрат Қаймолдин Мөңке би мешітінде арнайы дұға оқып, құран бағыштады. Мөңке би бабамыздың атына арнайы ас беріліп, Мөңке бидің өсиеттері айтылып, ақсақалдардан бата алынып, дұға етіліп, Құран оқылды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану мұражайының арнайы көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға таныстырылды. Көрмеде Мөңке бидің өмірі мен мұрасына қатысты құнды деректер мен экспонаттар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі