Мәйітке жабысқан қол 248

Мәйітке жабысқан қол

28 қазан 2020 870 Оқу 1 минут

Мәдина қаласында бір әйел кісі қайтыс болыпты. Марқұмды арулап жаназаға дайындауға кіріседі. Жуындыратын әйел кісі мәйітті жуындырып жатқанда марқұмға тіл тигізеді. Марқұмның ар-намысына тиетін сөздер айтады. Осы сәтте жуындырып жатқан әйелдің қолы мәйітке жабысып ажырамай қалыпты. Байғұс әйел шошып кетеді. Қанша әрекет етсе де қолын ала алмайды. Жаназаны шығаратын уақыт та таяп келеді. Сыртта тұрған марқұмның туыстары тыпыршып, жуындырып болсаңыз кебіндейік, деп қайта-қайта сұрап жатты. Іштегі әйел: Қазір, аз қалды деп, - деп барынша созбалақтап әлек болуда. Бірақ, тым ұзаққа созылып кеткен соң ішке кіргендер сұмдық жайттің куәсі болып, тапжылмай тұрып қалды. Жуындыратын әйелдің қолы мәйіттің денесіне жабысып қалған. Жуушы әйелдің екі көзі алақандай боп қорқып кеткен.

Марқұмның туыстары шаһардағы имамдарға барып мән-жайды айтып, не істеу керектігі жөнінде пәтуа сұрапты. Бір ғалымдар: Марқұмды жерлеу – уәжіп. Сондықтан, жуындырушы әйелдің қолын кесу қажет, - деседі. Екінші бір ғалымдар: Тірі адамның жаны артық. Оны аман сақтап қалуға міндеттіміз. Сондықтан жуындыратын әйелдің қолына тиіп тұрған мәйіттің денесін кесу қажет, - дейді.

Осылайша, бір тоқтамға келе алмай ғалымдардың ойы екіге жарылады. Сонда араларынан біреуі: имам Мәліктен неге сұрамаймыз?, - деп қалды. Мәдина қаласының имамы Мәлік жағдайды естігенде лезде марқұмның үйіне барады. Мәйіт жатқан бөлменің есігінің сыртында тұрып жуындырушы әйелге: Марқұм жайлы бір нәрсе дедің бе?, - деп төтесінен сұрайды. Жуындырушы әйел: Ар-намысына тиетін сөз айттым, ойнастық жасаған әйел дедім, - деп мойындайды. Сонда, имам Мәлік: Әйелдер ішке кіріп жуындырушыға жала жапқанының жазасы ретінде сексен дүре соқсын, - деп Қасиетті Құранда «Нұр» сүресінің 4-аятында: «Абыройлы әйелдерге зина жаласын жапсырғандар төрт адамды айғақ келтіре алмаса, онда оларға сексен дүре соғыңдар. Әрі олардың сөздерін куәлік ретінде мүлде қабыл етпеңдер. Міне солар – бұзықтар», – деген Алла Тағаланың әміріне сай пәтуа береді. Жуындырушы әйелге сексен дүре ұрылғанда, қолы өз-өзінен мәйіттің денесінен ажыраған екен. Хадисте: «Ақиқатында, абыройлы әйелдің арына қол сұғып, намысына қатысты жала жабу – жүз жылдық құлшылықты жоқ етеді», - деген (Имам Табарини).

Бұл оқиға қайтыс болған абыройлы әйелдің намысын Алла Тағала ғажайып түрде қорғағанының бір көрінісі. Сондай-ақ, имам Мәліктің керемет ақылдылығы мен парасатты пәтуа берген оқиғасы еді. Осыдан кейін ел арасында: «Мәдина қаласында имам Мәлік тұрғанда ешкім пәтуа бермесін» деген сөз жайылып кеткен екен.


 «Нұр Ғасыр» мешіті

Ұқсас жазбалар

ҰМЫТЫЛМАС ДӘРІС

ҰМЫТЫЛМАС ДӘРІС

28 қазан 2020 284
ҚҰРАН ҰСТАЗЫ (әңгіме)

ҚҰРАН ҰСТАЗЫ (әңгіме)

04 желтоқсан 2020 542
Зағип қари қыз

Зағип қари қыз

09 қараша 2020 591