Бір қазан сүт 500

Бір қазан сүт

02 ақпан 2021 5226 Оқу 1 минут

Бір ауылда ашаршылық басталыпты. Ауыл басшысы ашаршылыққа қарсы бір амал тауып, шара қолданбақ болады. Ертесіне, ауылдың қақ ортасына тай қазан орнатады. Сол қазанға ауыл тұрғындарына бір кеседен сүт құюды әмір етіпті. Бар болғаны бір кесе сүт қана. Бірақ, әркім оңаша, жеке дара келіп құюын талап етіпті. Ауыл тұрғындары басшы бұйрығын жаппай орындауға кірісіп кетеді. Сол түнде-ақ ай жарығымен, қазанды толтырып тастайды. Таңертең, ауыл басшысы келіп қазанның қақпағын ашып асса... Сұмдық-ай! Өз көзіне өзі сенер емес. Адамдар сүт емес қазанды суға толтырып кетіпті. Сүт қайда? Неге ауыл адамдары сүт орнына су құйған? Мұнысы несі?

Әсілі, оқиға былай болған еді. Қазанға сүт құюға барғандар «үлкен тай қазанға елдің бәрі сүт құйып жатқанда оған менің бір кесе құйған суым әсер ете қоймас», - деп пендешілік ойға барған еді. Осылайша, барлығы да көпшілікке арқа сүйеп, бір кесе суда тұрған ештеңе жоқ деп немқұрайлық танытқан еді. Бірақ, дәл осылай түгел ауыл адамдары ойлап, барлығы да қазанды сүтке емес, суға толтырған болатын. Нәтижеде, ауылда ашаршылық белең алып, көптеген адамдар жауапкершіліксіздіктің құрбанына айналған еді.

Демек, қиын-қыстау кезеңде әркім ортақ қазанға не сүт құяды немесе су. Қоғамдағы жағдайы нашар адамдарға жәрдем қолын созбай, менің азын-аулақ көмегім ешнәрсені шешпейді деуші болмаңыз. Бір кесе сүт көп нәрсені өзгертуі мүмкін. Адамның тағдырын өзгеруге септігі тиюі ықтимал. Сонымен қатар, үлкен ұжым жұмысының ішінде менің атқаратын қызметім аса маңызды емес деп немқұрайлық таныту – қазанға су құю боп табылады. Саған тапсырылған міндетке жан-тәніңді бермесең – қазанға су құйғаның. Жүз теңгеде тұрған не бар, қаншама бай-дәулеттілер мен қайырымдылық қорлар жәрдем берер деп ойлауың – қазанға сүт емес, су құю. Ең жаманы, елге, жерге һәм мұсылмандарға дұға жасауды ұмыту, міне бұл да – ортақ қазанға су құю.

Әл-қиссаны түйіндей келе айтпағымыз, қоғамда болатын келеңсіздіктер әр адамның жауапкершілікті сезінбеуі немесе жағдайға немқұрайлы қарауынан келіп туындайды. Қоғамды түзеу, біреуді жөнге салудан емес әркім өзін түзеуден басталса керек. Демек, әркім міндетін толыққанды атқарса қоғам түзелмек.


«Нұр Ғасыр» мешіті