МИНА МЕН АРАФАТ АЙМАҒЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ 5396

МИНА МЕН АРАФАТ АЙМАҒЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

02 маусым 2025 2 Оқу 1 минут

Мекке қаласында Қазақстан қажылық миссиясының кезекті жиыны өтті. Онда алдағы үлкен қажылық рәсімдерінің, Мина мен Арафат аймағындағы дайындық жұмыстары пысықталды.

Жиында наиб мүфти, Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы миссия мүшелеріне бес бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс атқару қажеттігін еске салды. Әсіресе, Мина жазығы мен Арафат аймағындағы шатырларда қажыларға қолайлы жағдай жасау, уағыз-насихат айту, діни сұрақтарына жауап беру және дәрігерлік көмек көрсету жұмыстары жоғары деңгейде атқарылуы тиіс деді.

Сондай-ақ басқосуда ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітов Қазақстан қажылары бүгіннен бастап Мина жазығына жайғасатынын, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы туроператорларға бөлінген 15 имам-ұстаздың уағыз-насихат жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті. Одан бөлек, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі осы уақытқа дейін қажылардан түскен 650 сұраққа жауап берілгенін хабарлады. Ал миссияның бас дәрігері Қайрат Бегеновтің айтуынша, күні бүгінге дейін 498 қажыға дәрігерлік көмек берілген. Олардың басым бөлігі суық тию, тамақ ауруы және аяқтарының қажалуы бойынша шағымданған.

Айта кетейік, бұған дейін Кенжетай Байкемелұлы бастаған Қазақстан қажылық миссиясының мүшелері Мина мен Арафат аймағындағы отандастарымызға арналған шатырларын тексеріп, көріп қайтқан болатын.