ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі Түзету мекемесінде 400 адамға ауызашар берді
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі, облыстың бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен Ақтөбе қаласындағы №8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға арналған арнайы ауызашар беріліп, рухани-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі және «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті ұжымының бастамасымен өтті.
Қасиетті Рамазан айының құрметіне мекемеде жазасын өтеп жатқан 400-ге жуық азаматқа ауызашар дастарханы жайылып, облыстық мешіттен арнайы барған имамдар Жексенбай Торбаев және Талғат Аманов оразаның мән-маңызы, сабыр мен кешірім, адамгершілік құндылықтар туралы насихат айтты. Дін қызметкерлері жиналғандарға Рамазан айының рухани тәрбиедегі орны, тәубе ету, жақсылыққа ұмтылу және өмірді жаңаша бастау мүмкіндігі жайында әсерлі уағыз-насихат жүргізді.
Шара барысында қатысушыларға рухани қолдау көрсетіліп, олардың жүрегіне үміт пен сенім ұялату мақсатында Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен тағылымды мысалдар келтірілді. Сондай-ақ қатысушылар дін мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайдалы жауаптар алды.
Сонымен қатар іс-шара аясында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, олардың жігері мен ынтасы бағаланды.
Бұл игі шара жазасын өтеп жатқан азаматтардың рухани тұрғыдан қолдау табуына, жүректеріне үміт ұялатуға, қоғамға деген сенімін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Осындай кездесулер адамды ізгілікке шақырып, өмірдің жаңа парағын ашуға мүмкіндік беретін маңызды рухани бастамалардың бірі болып табылады.





















































