ҰЛЫ ДАЛА МЕН МЫСЫРДЫ ЖАЛҒАҒАН ДАНАЛЫҚ 2835

ҰЛЫ ДАЛА МЕН МЫСЫРДЫ ЖАЛҒАҒАН ДАНАЛЫҚ

05 шілде 2023 235 Оқу 1 минут

Иә, Мысыр астанасы Каир қаласындағы Байбарыс мешіті Ұлы даланың осы елдегі даналық шамшырағы-сынды. Елді талай жыл би­леген Байбарыс сұлтан­ға мысырлықтардың құрметі ерекше екеніне талай рет көзі­міз жетті. Әсіресе Қазақстан Үкі­метінің қолдауымен күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта ашыл­ған «Сұлтан Аз-Заһир Бай­ба­рыс» мешіті ХХІ ғасырда тарих пен дәстүрді құрметтеудің рәмізі болмақ.

Бұл мешіттің тарихы тым тереңде. Мешітті 1266 жылы Байбарыс сұлтанның өзі салдырған болатын. Мәмлүк сәулет өнері үлгісі бойынша бой көтерген мешіт аумалы-төкпелі дәуірлерде түрлі ауыр жағдайды бастан өткерді. Олай дейтініміз, мешіт мұнарасы құлатылып, әскери казармаға, наубайханаға айналған, қаңырап бос қалған кезі де болды. Қазақстанның жан-жақты жәрдемінің арқасында Байбарыс сұлтан мешіті бастапқы кескініне сай қайта жаңғырып, тарихи құндылығы мен ерекше сәулетімен Мысыр астанасына көрік беріп тұр.

Өз заманында Мәмлүк сұлтаны Байбарыс пен Алтын Орда ханы Беркенің арасында берік дипломатиялық байланыс болған еді. Бауырлас екі ел күш біріктіру нәтижесінде Ислам әлеміндегі ірі жеңістерге қол жеткізді. Мәмлүк сұлтандығы мен Алтын Орда хандығы арасындағы сол байланыс еліміз тәуелсіздігін алған тұста қайта жалғасты.

1993 жылы сәуірде Каир қаласында Қазақстанның Мысырдағы елшілігі ашылды. Екі елге ортақ діни құндылықтар мен тарихи тұлғаларды насихаттау ісі қолға алынды. Қазақстан және Мысыр үкіметтері арасында ортақ келісімдер қабылданып, нәтижесінде екі елге ортақ тарихи мұра – Байбарыс мешітінің жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қазақстан Үкіметі даңқты бабамыздың мешітін жөндеуге 4,5 млн доллар бөлді. Міне, жөндеу жұмыстары аяқталып, құлшылық үйі жамағатқа есігін қайта ашқан тарихи сәтке куә болдық. Бұл иігілікті іс – Қазақстан мен Мысыр арасындағы байланыстың қарқынды түрде дамып келе жатқанының бір айғағы.

Біз үшін Байбарыс қандай қадірлі болса, Мысыр халқы да солай құрметтейді. Оған осы сапарымызда тағы да көз жеткіздік. Мысыр ғана емес, көптеген мұсылман елдері Байбарыс сұлтанды жақсы біледі, жақсы көреді. Оны көптеген елге сапарлай барғанда байқап жүрміз. Мұсылман халықтары неге Байбарыс сұлтанды ерекше құрметтейді? Себебі Байбарыс Мәмлүктер мемлекетін басқарған кезде Исламды бөлшектеуге тырысқан кресшілер жорығына, асыл діннің айбынын қашырған моңғол шапқыншылығына тойтарыс берді. Дін дұшпандары Ислам халифатын құлатқан кезде Мысырды Ислам әлемінің орталығына айналдырып, діннің шырағын қайта жақты. Нақтырақ айтсақ, Ислам әлемі халифасыз қалып, мұсылмандардың құт-берекесі қашқан кезде Байбарыс сұлтан жан сауғалап жүрген Аббаси халифатының өкілін Каирге алдырып, зор қошемет көрсетті. Оны Ислам әлемінің халифасы етіп жариялады. Байбарыс сұлтанның пәрменімен жұма құтбасында халифаның аты жазылған ақшалар қолданысқа енді. Осы құрметі үшін Аббаси халифасы Байбарысты «Мысыр, Шам, Бәкр, Хижаз, Иемен және Евфрат аймақтарының билеушісі» деп атады. Алайда Байбарыс сұлтан «Хижаз аймағының билеушісі» деген атақтан бас тартып, «Хадимул-харамәйн», яғни «Қасиетті қос харамның (мекеннің) қызметшісі» деп атауды лайық көрді. Байбарыстың «билеуші» атауынан бас тартып, «қызметші» деген атты өзіне лайық көруі Алланың шынайы мұсылман құлы болғанын көрсетеді.

Байбарыстың билікке келуімен Мысырда жаңа тарихи кезең басталды. Сұлтан бар күшін халықтың әлеуетін көтеруге, елдің дамуына бағыттады, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін әрдайым назарында ұстауға тырысты. Халық өмірімен етене танысу мақсатында хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) секілді қарапайым киініп, ел ішін аралады. Елдегі алым-салықты азайтты, сәулет өнерін, пошта қызметін, сыртқы саясатты жетілдірді. Байбарыс сұлтан нағыз дипломат еді. Ол сыртқы саясатта әскери күшке ғана емес, әскери күштен кем ықпал етпейтін дипломатиялық саясатқа да жүгінді. Соның арқасында Мысырдың Византия, Алтын Орда мемлекеттерімен байланысын күшейтті. Байбарыс Мәдинадағы Пайғамбар мешіті, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын басқа да көптеген көне мұраны қалпына келтірді. Арада қаншама жыл, қанша ғасыр өтсе де мұсылмандар Байбарыс бабамыздың осы жақсылықтарын ешқашан ұмытқан емес.

Қазақстан мен Мысырды екі елге ортақ діни құндылықтар, ортақ тарих пен Байбарыс бабамыз секілді ортақ тарихи тұлғалар байланыстырады. Бүгінде осы салалар бойынша байланыс жаңа деңгейге көтерілді, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында түрлі ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның бірі осы Байбарыс сұлтан мешітінің қайта қалпына келтірілуі деп білеміз. Бұл жайында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мешіттің ашылу салтанатында: «Байбарыс сұлтан мешітінің қайта қалпына келтірілуі бірлескен жұмыстың игі нәтижесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта бұл орын біздің халықтарымыздың арасындағы алтын көпір болады деп сенеміз», деп айрықша атап өтті.

Сапар аясында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған ресми делегация әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайебпен кездесті. Ахмед ат-Тайеб 2022 жылы Қазақстанға арнайы келіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысқан еді. Сол сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Осы кездесуде Президентіміз әл-Азһардың Жоғарғы имамына: «Біз өзіңіз басқаратын «Әл-Азһар» университетін ортақ дініміз – ислам құндылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастырамыз. Сондықтан толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысуы біз үшін өте маңызды», дей келіп, «Әл-Азһардың» Қазақстанда Ислам білімі мен зерттеулерінің дамуына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өткен болатын.

Біз Каир қаласында өткен Байбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның деңгейін ерекше бағалаймыз. Баба мұраларын түгендеуге арналған ғылыми жиын барысында мысырлық және қазақстандық ғалымдар баяндама жасап, тың деректерді ортаға салды. Байбарыстану ғылымының жаңа бағыттары айқындалды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев түркіден шыққан даңқты тұлға Байбарыс бабамыздың 800 жылдығын жоғары деңгейде өткізгені үшін Мысыр елі басшылығы мен халқына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізді.

Дін тұрғысынан қарағанда, Ұлы даладағы дәстүрлі ислам мен біздің топырақтан шыққан даналардың мұсылман әлеміндегі ғұламалық, хакімдік, қаһармандық тұғыры – жан-жақты зерттеуді талап ететін тақырып.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қатысты оқу орындарының ғылыми-зерттеу орталықтары осы бағытта зерттеу жобаларын қолға алуды жоспарлап отыр.

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Egemen Qazaqstan» газеті, №120, 2023 жыл