Көше сыпырушыларға құрбандық еті үлестірілді 6397

Көше сыпырушыларға құрбандық еті үлестірілді

28 мамыр 2026 72 Оқу 1 минут

Қасиетті Құрбан айт мерекесінде Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде «Құрбан айт – қайырымдылық көпірі» атты игі шара ұйымдастырылып, қала тазалығы үшін күн сайын еңбек етіп жүрген көше сыпырушыларға құрбандық еті үлестірілді. 

Игі шараның басты мақсаты – қоғамдағы жанашырлық пен қамқорлық құндылықтарын насихаттап, адал еңбек иелеріне құрмет көрсету.

Қайырымдылық шарасы барысында Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали жиналғандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның рухани әрі әлеуметтік маңызына тоқталды.

«Құрбан айт – тек құрбан шалып қана қоймай, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттыратын ұлық мереке. Ислам діні әрдайым адал еңбек еткен адамды құрметтеуге үндейді. Сіздер күнделікті қала тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі қайырымдылық шарасы – еңбектеріңізге деген алғысымыздың белгісі», – деді бас имам.

Сонымен қатар ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастамасымен жұмысшы мамандық иелеріне көбірек қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«ҚМДБ-ның «Ислам және адал қоғам» жылы аясында қоғамның дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсету – баршамыздың міндетіміз. Сондықтан биылғы Құрбан айтта жұмысшы мамандық иелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр», – деді ол.

Шара барысында мешіт жамағаты тарапынан дайындалған құрбандық еттері көше тазалығына жауапты қызметкерлерге таратылып, оларға ақжарма тілектер айтылды. Өз кезегінде жұмысшылар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына, мешіт ұжымына алғыстарын білдіріп, мұндай қамқорлықтың ерекше қуаныш сыйлағанын айтты.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі