"Көршіңе қуаныш сыйла!" бастамасы насихатталды
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Рамазан айына бекіткен жоспарына сәйкес, қасиетті айда көршіге көңіл бөлу, татулық пен бауырмалдықты арттыру мақсатында «Көршіңе қуаныш сыйла!» атты игі бастама кеңінен насихатталуда.
Осы бастама аясында Ойыл аудандық мешітінің бас имамы Бақжарық Қызырұлы мешіт маңындағы көршілерді арнайы аралап, оларды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Сонымен қатар көршілерге құрмет ретінде шағын сый-сияпаттар табыстап, Рамазан айының берекесі, ауызбіршілік пен көрші ақысын сақтау туралы жылы лебізін білдірді.
Шара барысында имам көршімен тату болу, бір-біріне қамқорлық көрсету – Ислам дінінің маңызды құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы бірлік пен сыйластықты нығайтып, Рамазан айының рухани мәнін тереңірек сезінуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Айта кету керек, «Көршіңе қуаныш сыйла!» бастамасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, мешіт жамағаты мен тұрғындар арасында мейірімділік пен жанашырлықты арттыруға бағытталған игі шаралардың бірі болмақ.








































