Әйтеке би: Облыстың Бас имамы аудандық мешіт асханасының құрылысымен танысты
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Әйтеке би ауданына барған жұмыс сапары аясында аудандық орталық мешіт асханасының құрылысымен танысты.
Мешіттің ашылғанына 13 жыл толуына орай ауданның жанашыры, кәсіпкер Кишкенебаев Сағындық 120 адамдық асхананы уақып етті.
Уақып — Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті (жер, үй, ақша, құрал-жабдық) мешітке, медресеге, мұқтаждарға немесе қоғамдық игілікке арнау. Бұл — садақаның тұрақты түрі, сауаптың сарқылмас бұлағы.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жақсы көрген мал-дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар. Сондай-ақ қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де, Алла оны біледі», – деген («Әли Имран» сүресі, 92-аят).
Асхана құрылысы 2025 жылдың шілде айының 16-шы жұлдызында басталды. Қазіргі таңда жұмыс барысы қарқынды жүргізіліп келеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері», – деп өзгеге пайдасын тигізген, оларды қуантқан жандарды адамдардың ішіндегі ең абзалдары деп мақтаған.
Сауабы мол игі іске демеушілік танытқан жанға Алла Тағала разы болып, кәсібіне береке нәсіп етсін!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































