Наиб имамдар өңірдегі діни оқу орындарына арнайы барды
Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің жылды қорытындылау тапсырмасына сәйкес Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамдары өңірлік медреселердің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында арнайы барды.
Атап айтқанда, имамдар Ақтөбе медресе-колледжінің қыздар бөлімінде, “Ақжар-1” ықшам ауданында орналасқан “Ақжар” қайырымдылық мекемесінде, сондай-ақ Украинка ауылындағы Дін мамандарын дайындау және қайта даярлау орталығында болды.
Сапар барысында наиб имамдар оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылу барысын көрді. Сонымен қатар білім алушылармен жүздесіп, олардың діни білімге деген ынтасы, оқу барысындағы жетістіктері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзара сұхбат құрды.
Кездесуде имамдар шәкірттерге рухани-имандылық бағытта насихат айтып, діни білім алудың маңыздылығына тоқталды. Одан өзге ұстаздар қауымымен пікір алмасып, алдағы уақытта діни білім беру сапасын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.
Аталған іссапар өңірдегі діни білім беру мекемелерінің жұмысын жүйелеу, тәжірибе алмасу және жас мамандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі



















































