Ережеп айына орай тағылымды  шара ұйымдастырылды 5791

Ережеп айына орай тағылымды шара ұйымдастырылды

21 желтоқсан 2025 83 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласындағы «Қайырқожа» мешітінде қасиетті үш айдың бірі — Ережеп айының басталуына орай «Бірлігі жарасқан жамағат» атты тағылымды шара ұйымдастырылды. 

Игі басқосудың негізгі мақсаты — жамағаттың басын қосу, ауызбіршілікті нығайту, адал ас үстінде пайдалы іліммен бөлісу.

Айына 1-2 мәрте дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл шара бұл жолы ерекше форматта ұйымдастырылды. Себебі, қала мешіттерінен арнайы меймандар шақырылды. Атап айтқанда, «Бақытжан» және «Әл-Ләтиф» мешіттерінің жамағаттары қадірлі қонақ болды.

Арнайы дайындалған адал ас барысында мешіттің бас имамы Шыңғыс Ғалымжанұлы шараның маңыздығына тоқталып, қонақтарды таныстырды. Одан кейін білікті де ұлағатты ұстаздар — «Әл-Ләтиф» мешітінің Бас имамы Аманғосұлы Рүстембек «Мұсылман болмысы», сондай-ақ «Бақытжан» мешітінің Бас имамы Бейімбетұлы Еламан “Ережеп” айы тақырыптарында мазмұнды уағыз-насихат айтып, жамағатты ілім нұрымен сусындатты.

Шара соңында қонақтарға «Ислам тарихы» және «Сира» тақырыптарында танымдық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген жандарға құнды кітаптар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі