БАС МҮФТИ «НҰР ҒАСЫР» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ЖҮРГІЗДІ (ФОТО) 2970

БАС МҮФТИ «НҰР ҒАСЫР» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ЖҮРГІЗДІ (ФОТО)

06 қазан 2023 120 Оқу 1 минут

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде жұма намазын жүргізді.

Бас мүфти күндердің сұлтаны жұмада мешітке жиналған жамағатқа ғайбаттың зардабы және жаман ойдан сақ болу жайлы уағыз айтты.

«Адамдар арасында сенімсіздіктің тууына, араларының бұзылуына, бүкіл бір қоғамға зардабы тиетін үлкен күнәлі істердің бірі – ғайбат айту. Жалпы, ғайбат деп бір адамды ол жақтырмайтын істерімен еске алуды айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресінің 12-аятында: «Уа, иман еткендер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген бауырының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді», – деп айтқан” деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ Төрағасы адамның сыртынан ұнамсыз сөз айтып қана қоймай, оның ар-намысын қорлай түсетін ауыр сөз айтқан сайын ғайбаттың күнәсі де арта түсетінін атап өтті. Сондай-ақ Бас мүфти ғайбаттан сақтану, оны тыю және құтылу жолдары жайлы айта келіп, мұсылман адамның өзгенің қателігін барынша жасыруы қажет екеніне тоқталды.

Жұма намазынан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.