Діни әдебиеттерге сараптама жүргізілді
Өздеріңізге белгілі ҚМДБ-ның «Діни сараптама» бөлімі бар. Осыған орай Хромтау ауданында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, дәстүрлі ислам құндылықтарын түсіндіру және тұрғындарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғау мақсатында діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдарға тұрақты түрде сараптама жүргізіліп келеді.
Осы бағытта Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали аудан аумағындағы мешіттер мен діни дүкендердегі әдебиеттерге зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, аудан аумағында жұмыс жасайтын «Кәусар» мұсылман дүкеніндегі діни және танымдық бағыттағы кітаптар тексеруден өткізілді. Тексеру нәтижесінде сатылымдағы барлық әдебиеттердің тиісті діни сараптамадан өткендігі анықталды. Сондай-ақ дәстүрлі ислам қағидаттарына қайшы келетін немесе сараптамадан өтпеген кітаптар табылған жоқ.
Сонымен қатар, аудандағы мешіттер қорындағы діни әдебиеттерге де мониторинг жүргізілді. Хромтау аудандық орталық мешітінде, Ақжар және Бөгетсай ауылдық мешіттерінде сақталған кітаптар жан-жақты тексеріліп, олардың Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасына сай екендігі анықталды. Тексеру барысында тыйым салынған немесе мемлекет тұтастығына қайшы келетін әдебиеттер анықталған жоқ.
Бұдан бөлек, мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарында қолданылатын оқу құралдарына да сараптама жасалды. Қазіргі таңда курстарда ҚМДБ тарапынан бекітілген «Мұғалім Сани» және «Тәжуид ережелері» кітаптары пайдаланылуда.





































