Хромтау:  Облыстың Бас имамы көпбалалы жалғызбасты анаға 609-шы  пәтерді табыстады 2213

Хромтау: Облыстың Бас имамы көпбалалы жалғызбасты анаға 609-шы пәтерді табыстады

29 қазан 2022 344 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Алмат Әлидің Хромтау ауданына барған сапары барысында «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы жалғызбасты анаға 609-шы пәтердің кілті табысталды. 

Серікжан Еншібайұлы үй иелерін қуанышымен құттықтап: «Алла Тағала үйлеріңізді берекеге толтырып, қуаныштарыңызды еселесін. Қоныс құтты болсын. Осы үйден елімізге қызмет ететін тұлғалар шығуын нәсіп етсін!» -деді.

Республика бойынша 609-шы баспана – Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының тұрғыны, III топтағы мүгедек, 4 баланың анасы, жалғызбасты ана Сәуле Айдарбекқызына бұйырды.

Ауданның Бас имамы Ерік Сұлтановтың ұйымдастыруымен және мешіт жамағаты, ауыл тұрғындары мен атымтай жомарт жандардың демеушілігімен табысталған 1 бөлмелі пәтердің құны 3 400000 тг. Мекенжайы: Хромтау қаласы, Абай – 3, 87-пәтер.

Мұмкіндігі шектеулі отбасыларға қуаныш сыйлап жүрген «Ел үлесі пәтерге» жобасы алдағы уақытта Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен және жамағаттың қолдауымен Ақтөбе облысында өз жалғасын таппақ. Ауызбіршілік танытқан хромтаулық ағайынға алғыс айтып, жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын деп тілейміз!


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі