Хромтау: тұсау кесу дәстүрі көрсетілді
ҚМДБ-ның жұмысындағы басым бағыттардың бірі – дәстүр мен отбасы құндылықтарын нығайту. Осы игі бағыт аясында Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде ұлттық дәстүрлер кеңінен насихатталып, әйел жамағатына қазақтың тағылымға толы «тұсау кесу» рәсімі көрініс ретінде ұсынылды.
Тағылымды шараға Ақтөбе облыстық әйел-қыздар секторының меңгерушісі Кенжегүл Қошқарова арнайы қатысып, жиналған көпшілікке ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде:
— «Ұлттық дәстүр – ұлттың рухани тірегі. Отбасы тәрбиесінде салт-дәстүрдің орны ерекше. Осындай тағылымды шаралар арқылы біз жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре аламыз», – деп атап өтті.
Шара барысында ақ жаулықты әжелер жас келіндерге қазақы салт-дәстүрлердің мән-мағынасы мен тәрбиелік маңызы туралы кеңінен әңгімелеп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
— «Баланың тұсауын кесу – оның өмір жолы ашық, қадамы нық болсын деген ниеттен туған ғұрып. Әр дәстүрдің астарында терең тәрбие жатыр. Біз соны ұрпаққа жеткізуіміз керек», – деп ақ жаулықты әжелер жастарға ұлағатты сөздерін жеткізді.
Көрсетілген тұсау кесу рәсімі көпшілікке ерекше әсер қалдырып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттырды. Жиналғандар мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік білдірді.








































