Ақтөбе: 100 отбасыға қайырымдылық жасалды
Ақтөбе қаласы Ақжар елді мекеніндегі тұрғындардың табиғи апат салдарынан баспаналарын су шайып кетуіне байланысты қала мешіттері көмек көрсетуде.
Атап айтсақ, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбаевтың ұйытқы болуымен 100 отбасыға ыстық палау таратылды. Сондай-ақ 30 балаға Рамазан айының құрметіне арнайылап тәттілер үлестірілді.
Көңілдері күпті болып, сынаққа түскен тұрғындардың қайғысын жұмыла көтеріп, жеңілдету мұсылманның қоғам алдындағы міндетінен болмақ. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады…»-деген.
Одан өзге, уақытша спорт ғимаратында паналап жатқан азаматтарды қала бойынша барлық мешіттер әр күн сайын түскі және кешкі аспен кезек бойынша қамтамасыз етпек.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі