Хромтау ауданында жат діни ағымдардың алдын алу бағытында кездесу өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басым жұмыс бағыттарының бірі – жат діни ағымдардан сақтандыру және олардың ықпалынан қорғау болып табылады.
Осы бағыт аясында Хромтау ауданының Бас имамы Марал Иманғали ауданның қарттарымен кездесу өткізді. Басқосу барысында ол «Жат ағымдардың алдын алу» тақырыбында кең көлемде әңгіме жүргізіп, дін атын жамылған теріс ағымдардың қоғам мен отбасына тигізер зиянын түсіндірді.
Кездесуде қарттар өз ойларын ортаға салып, жастардың діни сауатын арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау және мешітпен байланыс орнатудың маңыздылығы туралы пікір алмасты.
Марал Иманғали қатысушыларды еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау ісінде белсенді болуға шақырып, ҚМДБ ұстанатын Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебінің қағидаларын басшылыққа алу қажеттігін атап өтті.





































