БАС ИМАМ ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
19 қазан – Құтқарушылар күніне байланысты Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали Хромтау қаласында орналасқан «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» Солтүстік Қазақстан филиалы Ақтөбе отрядының жеке құрамын арнайы барып құттықтап, оларға мерекелік шағын дастарқан жайды.
Басқосу барысында бас имам құтқарушылардың халық алдындағы жауапты әрі ауыр қызметін жоғары бағалап, оларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде:
– Сіздер – ел тыныштығы мен адам өмірінің қауіпсіздігі үшін күнделікті тәуекелге баратын ержүрек жансыздар. Табандылық пен кәсібилік, батылдық пен жанқиярлық – сіздердің бойларыңыздағы басты қасиеттер. Алла Тағала әрдайым сіздердің амандықтарыңызды беріп, еңбектеріңізге мол сауаптан жазсын, – деп атап өтті.
Бас имам құтқарушылармен рухани-адамгершілік бағытында пікір алмасып, олардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу жөнінде де сөз қозғалды.
КӘАҚҚ РШО директорының орынбасары Мейірхан Ізтілеуов ауданның Бас имамына әріптестерінің атынан алғысын білдірсе, КӘАҚҚ РШО СҚФ Ақтөбе отрядының командирі Еркін Омаров өздерінің жұмыс барысымен таныстырып берді.
Айта кету керек, Хромтау қаласындағы Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің жасағы аудан төңірегінде орналасқан кен орындарында құтқару қызметімен айналысады.







































