Абай ақынның шығармашылығы дәріптелді 3489

Абай ақынның шығармашылығы дәріптелді

27 тамыз 2024 482 Оқу 1 минут

«Бақытжан» мешітінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толуына орай «Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ «Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен мешіттің шәкірттері арасында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты танымдық-интеллектуалдық спорттық сайысы өтті. 

Іс-шараның басты мақсаты – Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын жамағат арасында насихаттау, балаларды Абай шығармаларын жатқа айтуға және шапшаңдыққа, зеректікке баулу, белсенділіктерін арттыру.

Сайыстың шымылдығын ашқан «Бақытжан» мешітінің ұстазы Қойшығұлова Анар ақынның ғылым, білім туралы ойларын, тәрбиелік мәнге толы қара сөздеріне , ондағы ілім-білім, жақсы әдеп, адамгершілік мәселелеріне тоқталды.

Ал «Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы» КММ басшысының м.а. Айгүл Канафия жарысқа қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін, көркемдік-эстетикалық талғамдарын дамыту және қолдау, ынтымақ, бірлікке тәрбиелеу мақсатындағы сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Дода 4 бөлімнен тұрды. Атап айтсақ, ақын өлеңдерін жатқа оқу, шашылған өлең жолдарынан Абайдың бір шумақ өлеңін құрастыру, оның өмірбаянына қатысты сұрақтарға жауап беру және оқылған өлеңнің атауын табу секілді тапсырмалар спортпен байланыстырыла орындалып, қатысушылардың зеректігі, алғырлығы, шапшаңдығы сарапқа салынды.

Әділқазылар алқасына да жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Өрендердің барлығы жеңіске ұмтылған тартысты сайыстың қорытындысына сәйкес жүлделі 1 орын Дарханқызы Найляға бұйырып, планшет иеленді. Ал 2,3 орындарды еншілеген Махатова Ақкүміс, Жұматай Айзере гироскутер мен фитнес браслет ұтты. Қалған қатысушыларға алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Сайыс қортындысында қатысушы балалардың аналары ұйымдастырушыларға, қыздарды сайысқа тартып, Абайды тереңірек тануға үлгі болған «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұловаға алғыстарын жаудырды. Жамағаттың өзі Абай өлеңдерін еске түсіріп, Алланың қасиетті үйінде «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, Ойласаңшы бос қақпай елең-селең» – деп, өмірлік тағылым мен даналыққа толы ұлы ақынның шығармашылығына тағы бір мәрте үңілгендей әсермен тарқасты.

Одан өзге «Бақытжан» Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты көшпелі кітап көрмесі таныстырылды. Көрменің ұйымдастырылуына №1 Абай атындағы қалалық кітапхана мұрындық болды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі