Ізгі қоғам құру мақсатында футболдан жарыс өтті 3477

Ізгі қоғам құру мақсатында футболдан жарыс өтті

06 тамыз 2024 1202 Оқу 1 минут

"Ізгі қоғам" бағыты аясында Шалқар аудандық "Матай Қоқанұлы " мешітінің ұйымдастыруымен  Шалқар ауданына қарасты мешіт жамағаттары арасында шағын футболдан біріншілік өтті.

Тартысты ойын Шалқар қаласы, "Жангелдин" қалашығындағы жаңадан ашылған  шағын футбол алаңында Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбековтың алғы сөзімен басталды.

"Жарыстың басты мақсаты - қоғамда бұқаралық спортты дамыту және дәріптеу. Бастысы осы жарыс арқылы жамағат арасында өзара ынтымақ пен бірлікке тағы бір қадам жасалып, иманды елдің ынтымағын арттыру" деп атап өтті Бас имам Абзал Медетбеков.

Шағын футболдан өткен біріншілікте Шалқар ауданына қарасты 4 мешіттен 6 команда бақ сынасты. Әр мешіт өз үздіктерімен топ жарып, аудандық сайыс алаңында сынға түсті. Атап айтсақ, "Матай Қоқанұлы ", "Жанаман ахун Сейітімұлы " , "Тәубе", "Айшуақ", "Байқадам" және "Медресе" командалары. Жалпы адам саны 60. Шара барысында әр команда 5 айналымнан өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша тартысты додада ұжымдық ойын - өрнегімен үздік нәтиже көрсетіп,  жүлделі 1 - орынды (20 000 теңге)  "Жанаман ахун Сейітімұлы " командасы жеңіп алса, "Айшуақ" командасы жасыл алаңда  шиеленісті өткен таласта барын салып 2 орынға (15 000 теңге) , ал, "Тәубе" командасы ойында үздік нәтиже көрсетіп 3 - орынға (10 000 теңге) ие болды.

Сонымен қатар жекелеген ойыншылардан  Талғат Ахметов, Диас Ұзақбай, Серікболсын Ақшолақов, Абай Ержанов  үздік нәтижелер көрсетті. Жеңімпаз атанған командаларға арнайы дипломдар мен ақшалай  сыйлықтар табыс етілді.