#Рамазан2026: Кәсіпкер дін қызметкерлеріне зекет берді 6084

#Рамазан2026: Кәсіпкер дін қызметкерлеріне зекет берді

16 наурыз 2026 186 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес қайырымдылық шарасы өтті.

Ақтөбелік кәсіпкер, дін жанашыры өңірдің шалғай ауылдарындағы дін қызметкерлеріне 16 млн. теңге көлемінде зекетін табыстады.

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев дін қызметкерлеріне қолдау білдірген кәсіпкер, Мәртөк ауданының азаматына ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, аталған қаражат Ақтөбе өңірінің алыс аудан-ауылдарындағы имамдарға беріліп, аймақтағы дін саласының дамуына жұмсалады.

Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тірегінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: «тазару, өсу, өну, арту және береке» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп, нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.

Зекет арқылы байлықтың әділ бөлінуін қамтамасыз ету, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайту және қоғамның рухани тұрғыдан дамуына ықпал ету – зекеттің басты мақсаты. Әрбір мұсылман зекетті орындау арқылы қоғамға пайдасын тигізіп, өз бойындағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіреді.

Қасиетті Құранның 200 жерінде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Сауабы мол игі іске қолдау көрсеткен кәсіпкерге Алла Тағала сансыз сауаптан жазсын!

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі