БАС МҮФТИ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ «РУХАНИЯТ» МУЗЕЙІН АРАЛАДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің жанынан ашылған Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану «Руханият» музейінің көрме залын аралады.
Сапар аясында Бас мүфти және делегация мүшелері өңірдің діни тарихынан сыр шертетін құнды деректермен, көне қолжазбалармен, тарихи мешіт-медреселердің мұрағаттық материалдарымен және ахун-ишандардың өмір жолын баяндайтын жәдігерлермен танысты.
Ақтөбе облыстық «Руханият» музейі – Исламның дінінің Қазақстан аумағына, соның ішінде Ақтөбе өңіріне таралу кезеңдерін және діннің ұлттық мәдениетке ықпалын жан-жақты таныстыратын республикадағы бірегей музей. Нысан 2011 жылдың 8 желтоқсанында, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылған.
Музейдің басты мақсаты – әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы татулық пен келісімді нығайтуға, өңір тұрғындарының мәдени және рухани дамуына үлес қосу. Сонымен қатар, музей ғылыми-ағартушылық бағытта жұмыс істеп, қоғамның тарихи-рухани санасын көтеруге қызмет етеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі











































