Ақтөбе: Қадір түніне орай өтілген іс-шаралар (Фото) 1601

Ақтөбе: Қадір түніне орай өтілген іс-шаралар (Фото)

28 сәуір 2022 108 Оқу 1 минут

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Қадір түнін ерекше дайындықпен атап өтті. Өйткені бұл — күллі мұсылман қауымының асыға күткен ұлық түні. Бір қуантатыны — ақшам намазы кірісімен ауыз ашар дастарханына қатысып, Қадір түнін мешітте өткізу үшін Алла үйіне жиылған жамағаттың қарасы көп болды. 800 адамға ауызашар беріліп, 1500 адаамға сәресі толығымен ұйымдастырылды.

Сонымен қатар облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы жиналған көпшілікті Рамазан айындағы ең ерекше түн — Қадір түнімен құттықтап, айтулы түннің қадір-қасиеттерін атап көрсетті.

Одан өзге жамағатқа арнап викториналық ойындарда өтті. Арнайы Қадір түні ретінде лэд экран арқылы тікелей қосылым жасалып, мешітте өтіп жатқан шараларды көру мүмкіндігі қарастырылды. Ұлық түннің құрметіне орай ерлер жамағаты арасында Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқудан сайыс өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Бұл кеште қасиетті мекен Меккеден тікелей қосылым ұйымдастырылып, Қазақстан халқы үшін дұға жасалды.

Еске салсақ, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде қасиетті Қадір түні Құран хатым аяқталды. Ал облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы елімізге тыныштық пен татулық тілеп, Құран Хатым дұғасын жасап, қариға алғыс білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі