БАС МҮФТИ АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Жастар — руханият шамшырағы» атты тақырыпта Ақтөбе өңірінің белсенді жастарымен кездесті.
«Шабыт» орталығында «Ислам және отбасы құндылыгы» жылына орай өткен кездесуге имамдар мен ұстаздар, блогерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, еріктілер, БАҚ өкілдері, т.б жалпы 100 адам қатысты.
Ғибратқа толы бас қосуды «AQTOBE» телеарнасының креативтік продюсері Амангелді Атабайұлы тізгіндеді. Шара барысында этномузыкант Әлібек Ынтағали сазсырнай, жетіген, домбыра аспаптарымен шығармалар орындады. Ал Айтыскер Әуезханов Елшат арнау айтты.
«Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті, жас жыршы Темірлан Жетесов жыр айтты.
Жастармен жүздесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ізгілермен дос болуға көңіл бөлу, ешқашан асығыстық жасамау, аманатшыл болу, жүректі өшпенділіктен тазарту, адал еңбекпен мал табу туралы жастарға насихат айтты.
«Ғалымдарымыз: «Адамның әдепсіздігіне немесе ізгілігіне достан артық әсер ететін ешкім жоқ!» деген. Ислам дінінде дос таңдау аса маңызды орын алады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, өз жақын достарыңның кім екеніне қарағын!» – дейді.
Расында, адам баласының мінез-құлқының қалыптасуына араласатын досының әсері өте үлкен. Себебі ол досының бойындағы қасиеттерді өз бойына да сіңіреді. Досы жаман адамның мінезі де, өзі де бұзыла бастайды. Өзі сезбеген күйде досының мінез-құлқын бойына сіңіріп, досымен бірге құрдымға кеткенін байқамай да қалады. Ал таңдаған достары иманды, тақуа, Алланы таныған, тура жолдағы жандар болса, өзі де солармен бірге кемелдене түседі. Бойына ізгі жандардың игі қасиеттері, имандылығы мен тақуалығы, таным-түсініктері дари бастайды. Осылайша ол жаман мінездерінен арылып, нәпсісін тізгіндей бастайды» деді ҚМДБ Төрағасы.
Ғибратқа толы жүздесуде қатысушылар шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
















































