БАС МҮФТИ ӘЛ-АЗҺАР ШЕЙХЫМЕН КЕЗДЕСТІ 2093

БАС МҮФТИ ӘЛ-АЗҺАР ШЕЙХЫМЕН КЕЗДЕСТІ

13 қыркүйек 2022 48 Оқу 1 минут

Бүгін елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылман әлемінің әйгілі дін ғұламалары ілім алған, талай діндарлар түлеп ұшқан, дәстүрлі Исламды жоғары деңгейде оқытатын жаңашыл озық оқу орны, мәшһүр әл-Азһар университетінің шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайыппен кездесті.

Басқосу барысында ертең  елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің әлем жұртшылығын бірлік пен достыққа үндеудегі рөлі жайлы айтылды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасының дін саласындағы байланысы, оқу-ағарту бағыты бойынша әріптестік қарым-қатынастары сөз болды.

Қалыптасқан екіжақты келісімдерді жандандырып, оны жүйелі жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысырда білім алып жатқан қазақстандық имамдарға, сонымен қатар еліміздегі Нұр-Мүбарак университетінің діни кадр даярлау бағыты бойынша қызметіне қолдау көрсетіп келе жатқан әл-Азһар шейхына айрықша алғыс білдірді.