Қарияны қадірлеу – қанға сіңген салтымыз
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының Төрағасы, Бас мүфти
Халқымыз «Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді. Біз қариясын құрметтеген, үлкенін сыйлаған, «қарттарым – қазынам» деп бағалаған елміз.
Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әженің біз үшін орны бөлек. Аллаға шүкір, елімізде байырғы бабалардан келе жатқан осы бір сабақтастық әлі күнге өз құндылығын жойған жоқ. Қарияны құрметтеу – біздің бабалардан мирас болған қастерлі мұрамыз іспетті. Мемлекетіміз де қарияларын әрқашан қолдап келеді. Оларға көрсетілетін көмектің көлемі де жыл сайын ұлғаюда. Бұл – үлкен қамқорлық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз мүмкіндігі аясында қарттарға қамқорлық танытып келеді.
Бүгінгі қазыналы қарттарымыз жастық шағын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнады. Олар осы қоғамның іргетасын қалап, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында тер төкті. Әлі күнге дейін аталарымыз бен әжелеріміз отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шаттық-берекесіне айналып, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, тілін, дінін, дәстүрін қадірлеуге шақырып келеді. Сондықтан еліміздегі іске асып жатқан барлық игіліктердің бастауында осы қазыналы қариялар тұрғанын ұмытпауымыз қажет.
Хадис-шәрифтерде «Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес» делінген. Махамбет Өтемісұлы «Кәрісі кімнің жоқ болса, жастары болар дуана» деген. Ардагерлеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. Сондықтан оларға құрмет көрсету – бізге міндет. Сын сағатта сүйеу болған, қашан да ел-жұрттың қамқорына айналған ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз аман болсын! Әмин!