Бас мүфти Алматы облысының әкімімен кездесті 1345

Бас мүфти Алматы облысының әкімімен кездесті

25 ақпан 2022 115 Оқу 0 минут

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесті.

Кездесуде өңір басшысы Қанат Алдабергенұлы Бас мүфтиге облыс тұрғындарының ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді.

«Әлемде діни алауыздық өршіген қазіргідей күрделі кезеңде ел ішінде жүргізілетін ағартушылық жұмыстардың мазмұны және сапасы үнемі назарда болуы керек.

Жастарымызды имандылыққа, адамгершілікке шақырып, оларға білім мен ғылымға құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дәріптеуіміз қажет. Имамдар мен дін қызметшілері осы жауапты міндетті ойдағыдай атқаратынына сенемін» деді облыс әкімі.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде Қаңтар қасіреті баршамызға қоғамдағы тыныштық бәрінен биік құндылық екенін сезіндіргенін атап өтті.

«Біздің қоғам алдындағы басты міндетіміз – мұсылман қауымының бірлігін нығайту, бүлік пен жалған діни ұрандарға жол бермеу. Осы бағытта жыл басында биылғы 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияладық. Осы атаулы жыл аясында көптеген игі шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Алла қаласа, бүгінгі Талдықорғанның төрінде өткелі жатқан «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» республикалық конференциясы осы бастамамызға серпін береді деген ойдамыз. Алла жиынымызды берекелі еткей!» деді ҚМДБ Төрағасы.

Басқосу соңында тараптар дін мен дәстүр сабақтастығы, асыл дініміздің беделін биіктету бағытында бірқатар бірлескен игі жобаларды жүзеге асыруға келісті.