Бас имам «Нұр Мүбарак» университеті студенттерімен кездесті
Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Алматы қаласындағы «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқып жатқан Ақтөбелік студенттермен кездесті. Сондай-ақ болашақ дін мамандарымен кездесу сапарына Ақтөбе облыстық дін істері басқармасына қарасты мамандар барды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылға арналған бағдарлық баяндамасында еліміздегі мешіттерді жоғары білімді діни мамандармен қамтамасыз ету ісін күн тәртібіне қойылған болатын. Ақтөбе облысындағы мешіттердегі діни мамандардың 43 пайызы жоғары білімді. Сол межені 60-70 пайызға көтеру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 115 ақтөбелік «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениет университетінде оқып жатыр. Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев олармен кездесіп, сұхбат құрды. Студенттерге ақшалай сыйлық берді. Кездесуде студенттердің оқу ақысын өтеу, ортақ келісімшарт жасау мәселелері сөз болды. Бас имам жастарды өңірге діни қызметке шақырып, жас мамандарға қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, діни қызметтің жауапкершілігі, білім үйренудің артықшылығы туралы сөз етті. Елге қызметті туған жерден бастау, ілімнің зекетін беру, еңбекте табанды болу жайлы ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Жазғы уақытта өңір мешіттерінде іс-тәжірибеден өту арқылы біліктілігін шыңдауға қатысты ұсыныстар айтылды. Сұрақтар қойылып, қонақтар тарапынан жауаптар берілді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі