Аудан имамы оқушылар үйіне барды
А.ж 19 қаңтар күні аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы - А.Пангереева мен ауданның бас имамы - Б.Қызыр Ойыл аудандық оқушылар үйінің ұжымымен кездесіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері адамгершілікке, сабырлыққа, өзара құрмет пен имандылыққа негізделгені, сол рухани құндылықтардың бірі – ораза ұстау дәстүрі. Ораза – тек діни ғибадат қана емес, сонымен қатар адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне, нәпсісін тиюге, сабыр мен төзімділікке үйрететін рухани мектеп. Ата-бабаларымыз оразаны «жан тазалығының айнасы» деп бағалап, оның тәрбиелік мәніне ерекше көңіл бөлгені туралы айтылды. Сонымен қатар, ораза кезінде мұқтаж жандарға көмектесу, садақа беру, жетім-жесірге қамқор болу ұлттық тәрбиемен астасып жатыр. «Ас атасы – нан», «Сабыр түбі – сары алтын» деген нақыл сөздер оразаның мәнін терең ашты. Осылайша, ораза – қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасқан, ұрпақты имандылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін маңызды рухани құндылық екені түсіндірілді.
Кездесу барысында тыңдармандар тарапынан оразаға қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауаптар берілді.







































