Амантай Садиев: Рамазан – ізгілікке апарар жол
1 наурыз – Рамазан айының бірінші күні!
Рамазан – ізгілікке апарар жол
Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Кемелдік айы – бүкіл әлемдегі мұсылман қауым үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі.
Рамазан айы – береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың сабақтасқан уақыты. Оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылыққа үлес қосатын, иманын бекемдейтін мереке.
Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.
ҚМДБ 2025 жылды – «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп бекітті. Отбасы құндылығын сақтауда жүректегі ізгілік аса маңызды. Құран Кәрімде жүз алпысқа жуық аятта ізгілік туралы айтылған. Ал осы ізгілікке бастайтын теңдесіз ай – Рамазан айы. Біз оразамызды ұстау арқылы өзімізді күндіз тек ішіп-жеуден шектеп ғана қоймай, рухтың азығы, тәннің шипасына кез боламыз. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі яғни ізгілікке апарар жол.
Рамазан айына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасау, құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысу, қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну, күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген үндеу жасады. Осы үндеуге баршамыз бір үйдің баласындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, үн қоссақ деймін.
Құдси хадисте «Алла Тағала: Ораза – тек Мен үшін, оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...», -деген. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық!
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Ұлық айда баршамыздың ізгі ниетіміз, тұтқан оразамыз, оқыған тарауық намазымызды қабыл болғай! Жүздеріңіздегі – нұр, жүректеріңіздегі – иман арта берсін!
Отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін! Еңселі еліміздің болашағы жарқын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Амантай САДИЕВ
Ақтөбе облысының Бас имамы