ҚҰРБАН АЙТ – ҚҰТТЫ МЕРЕКЕ 6385

ҚҰРБАН АЙТ – ҚҰТТЫ МЕРЕКЕ

26 мамыр 2026 18 Оқу 1 минут

Құрбан айт — мұсылман қауымы үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Бұл мейрам адам баласын имандылыққа, мейірімділікке, бауырмалдыққа және Аллаға деген шынайы құлшылыққа үндейді. Құрбан айт Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң, Зүл-хижжа айының 10-күні басталып, үш күнге жалғасады.

Құрбан айттың тарихы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар мен оның ұлы Исмайылға қатысты оқиғамен байланысты. Алла Тағала Ибраһим пайғамбардың иманын сынап, сүйікті ұлын құрбан етуге бұйырған. Алайда оның Алла әміріне толық мойынсұнғанын көріп, орнына көктен құрбандық мал түсірген. Содан бері мұсылман жұртшылығы Алланың разылығы үшін құрбан шалу дәстүрін жалғастырып келеді.

«Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, құрбан шалу — пенденің Аллаға жақындауына себеп болатын сауапты амалдардың бірі. Сонымен қатар бұл — шүкіршілік пен қайырымдылықтың көрінісі. Құрбандық еті туған-туысқа, көрші-қолаңға және мұқтаж жандарға таратылып, қоғамдағы татулық пен жанашырлықты арттырады.

Құрбан шалу әрбір мұсылманға бірдей міндет емес. Ханафи мәзһабы бойынша нисап мөлшеріне шамасы жеткен мұсылманға уәжіп саналады. Құрбан шалушы адам мұсылман, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрі негізгі қажеттілігінен тыс қаражаты болуы қажет.

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Қой мен ешкі кемінде бір жасқа, сиыр екі жасқа, ал түйе бес жасқа толуы тиіс. Сонымен қатар құрбандық малы соқыр, ақсақ, тым арық немесе ауыр науқас болмауы керек.

Құрбандық шалудың да өз уақыты бар. Құрбан шалу айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Яғни, Зүл-хижжа айының 10, 11 және 12-күндері шалынады. Дегенмен алғашқы күні шалу — абзал амал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім намаздан бұрын құрбан шалса, қайта шалсын. Ал кім әлі шалмаған болса, Алланың атымен бауыздасын»,-деген.

Биылғы Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 27 мамырға сәйкес келеді. Ақтөбе облысында, соның ішінде Ойыл ауданында айт намазы таңғы сағат 06:30-да оқылады.

Құрбан айт — тек құрбан шалатын мереке ғана емес. Бұл — адамдардың бір-біріне кешіріммен қарап, туыстық байланысты нығайтып, мұқтаж жандарға қол ұшын созатын ізгілік мейрамы. Осындай қасиетті күндері ынтымақ пен бірлігіміз артып, әр шаңыраққа береке мен молшылық орнасын. Құрбан айт қабыл болсын!


Бақжарық Қызырұлы

Ойыл ауданының бас имамы