«Қайырқожа» мешітінің 5 жылдығына орай ас берілді 4835

«Қайырқожа» мешітінің 5 жылдығына орай ас берілді

16 қыркүйек 2025 106 Оқу 1 минут

Қайырқожа (Қаражон) ата мешітінің ашылғанына 5 жыл толуына орай 8 ақбоз киіз үй тігіп, бабалар рухына Құран бағышталып, ас берілді.

2019 жылы кіші жүздің табын руынан Қайырқожа (Қаражон) атадан тараған Нәдір, Болат, Ысық ата ұрпақтары бастаған мешіт құрылысы 2020 жылы аяқталып, еліміздегі пандемия уақытында ашылу салтанаты шағын құраммен өтті.

«Аллаға жағамын десең азанды бол – ағайынға жағамын десең қазанды бол» деген аталы сөзді алға қойған асқа Алматы, Астана, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда т.б қалалар мен Ақтөбенің Байғанин ауданының Оймауыт, Дияр, Миялы елдімекендерінен және Ресейдің Волгоград қаласынан да ата ұрпақтары мен қонақтар келді.

Шара барысында «Қайырқожа» мешітінің Бас имамы Құлшаров Шыңғыс Құран оқыды.

Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, күйші Жайлау Асылханов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Бағдагүл Қосмағанбетова, «Ер-Едіге» жыр мектебінің жетекшісі жыршы-термеші Әділбек Сарин, «Ер Едіге» жыр мектебінің жас жыршысы Жетесов Темірхан, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының әншісі Гүлхан Бөрібасова, жас термеші Орман Жанерке, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-сазгер Мұратбек Қаражон мен «Алаш» триосы өнер көрсетті.

Аталған шарада ұлттық ойындардан палуандар күресі, қол күресі, гір көтеру, арқан тартысынан сайыстары өтіп, жалпы құны 1 миллион 500 мың теңгелік ақшалай жүлде табысталды.

Ел ағалары арнайы игі шараға алматыдан Бейімбетов Адайбек, оймауыттан Талқанбаев Талдыбай, Қызылордадан Отарбаев Адайбек келіп, ақ жарма тілектерін білдірді.

Алматыдан келген белгілі кәсіпкер Хайруллаев Қуатбек мешіт құрылысының басталғанынан ашылуына дейін тер төккен Дүйсенов Төлегенге, Ниязбеков Құрышбекке және Сәбит Сәндібайұлына ағайындар атынан ат мінгізді.

Асты ұйымдастырушылар атынан ардагер ұстаз, Ақтөбе қаласы «Алматы» ауданы Балауса тұрғын алабы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалиев Бақыт пен мешіт құрылысының жауапкершілігін атқарған Ниязбеков Құрышбек асты ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғысын айтты.

Ас берудің мақсаты – ағайын бауырларды ауызбірлікке шақыру. Отбасы құндылығының арттыру.

Батыр, дана, би бабаларымызды еске алу – олардың ерлігі мен еңбегін бағалау – біздің мұсылмандық әрі ұлттық борышымыз. Бұл – дін мен дәстүр сабақтастығы.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі