Ағайынның аласы – ұлтымыздың жарасы! 703

Ағайынның аласы – ұлтымыздың жарасы!

03 тамыз 2021 257 Оқу 1 минут

Дініміз Ислам туыстық қатынасты сақтауға бұйырып, оны үзуге тыйым салған.

Әбу Аййуб әл-Ансари (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте:

أَنَّ رَجُلا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَخْبِرْنِي بِعَمَلٍ يُدْخِلُنِي الْجَنَّةَ وَيُبَاعِدُنِي مِنْ النَّارِ. فَقَالَ النَّبِيُّ: « تَعْبُدُ اللَّهَ وَلا تُشْرِكُ بِهِ شَيْئًا ، وَتُقِيمُ الصَّلاةَ ، وَتُؤْتِي الزَّكَاةَ ، وَتَصِلُ الرَّحِمَ

«Бірде бір адам Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Маған жаннатқа кіруіме көмектесетін бір амал айтшы», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға құлшылық ет, әрі Одан басқа ешкімге құлшылық етпе, намаз оқы, зекет бер және туысқандық қарым-қатынасты сақта», – деді» , – делінген.

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الأخِرِ فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса,  онда туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін» , – деп айтқан.

Туыстық қарым-қатынасты сақтау – зор сауапқа кенелу, ризық несібенің артуы, Алланың ризалығына бөлену сияқты т.б. екі дүниелік пайдаларға себепші болатын маңызды амалдардан болып табылады. Туыстық қарым-қатынасқа байланысты дінімізде мынадай әдептер бар:

 

Жақсылық көрсетуді жақын туысынан бастау

Туыс адам қан жағынан қаншалықты жақын болса, соншалықты ол кісімен байланысымызды жақсарту мен күшейтуге міндетті боламыз. Хадисте:

جَاءَ رَجُلٌ إلَى رَسُولِ اللَّهِ  فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ مَنْ أَحَقُّ النَّاسِ بِحُسْنِ صَحَابَتِي؟ قَالَ: أُمُّك  قَالَ: ثُمَّ مَنْ؟ قَالَ: أُمُّكقَالَ: ثُمَّ مَنْ؟ قَالَ: أُمُّك  قَالَ: ثُمَّ مَنْ؟ قَالَ: أَبُوك

«Бірде Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келді де: «Иә Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), адамдардың ішінде жақсы қарым-қатынас жасауыма ең лайықтысы кім?» – деп сұрады. Ол кісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сенің анаң», – деді. Ол адам: «Одан кейін ше?», –деп сұрады. Ол кісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сенің анаң», – деді. Ол адам тағы да: «Одан кейін ше?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жолы да: «Сенің анаң», – деп жауап қатты. Әлгі адам: «Одан кейін ше?» – деп сұраған тағы жалғастырды. Сонда ғана Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сенің әкең», – деп жауап берді». Хадистің тағы бір нұсқасында:

يا رَسُول اللَّهِ مَنْ أَحَقُّ النَّاس بِحُسْنِ الصّحُبَةِ؟ قَالَ أُمُّك ،ثُمّ أُمُّك ،ثُمّ أُمُّك ،ثُمّ أَبَاكَ،

ثُمّ أَدْنَاكَ أَدْنَاكَ

«Иә, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішінде жақсы қарым-қатынас жасауыма ең лайықтысы кім?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сенің анаң, одан соң анаң, одан соң да анаң, одан кейін әкең, одан кейін (туыстық жағынан) одан  төменгілері», – деп жауап берді» , – делінген.

Қарым-қатынасты үзген туыстармен байланысты түзеу

Кей адамдар жақсы қарым-қатынаста болған туыстарымен ғана араласып, әрі онысын туыстық қарым-қатынасты сақтаудамын деп ойлауы мүмкін. Бірақ нағыз туыстық қарым-қатынасты сақтау – ол ара қатынасты үзген туыстармен байланысты жақсарту болып табылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَيْسَ الْوَاصِلُ بِالْمُكَافِئِ ، وَلَكِنَّ الْوَاصِلَ الَّذِي إذَا قَطَعَتْ رَحِمُهُ وَصَلَهَا

«Туыстық қатынасты сақтаушы деп – олар қандай қарым-қатынасты болса, солай жауап беретін адам айтпаймыз. Нағыз  туыстық байланысты сақтаушы – қарым-қатынасты үзіп тастаған туыстарымен байланысын түзейтін адам» , – деп айтқан. Тағы бір хадисте:

أَنَّ رَجُلا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إنَّ لِي قُرَابَةً أَصِلُهُمْ وَيَقْطَعُونِي ، وَأُحْسِنُ إلَيْهِمْ وَيُسِيئُونَ إلَيَّ ، وَأَحْلُمُ عَنْهُمْ وَيَجْهَلُونَ عَلَيَّ ! فَقَالَ: « لَئِنْ كُنْت كَمَا قُلْت فَكَأَنَّمَا تُسِفُّهُمْ الْمَلَّ ، وَلا يَزَالُ مَعَك مِنَ اللَّهِ ظَهِيرٌ عَلَيْهِمْ مَا دُمْت عَلَى ذَلِكَ

Бірде бір адам: «Иә, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) менің туысқандарым бар. Мен олармен туысқандық байланысымды үзбеймін, ал олар болса араласқысы келмейді, мен оларға жақсылық жасаймын, олар болса маған залымдық жасайды, мен оларды сыйлаймын, ал олар болса менімен надан адамдар сияқты сөйлеседі»,– деді. Бұған ол кісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер жағдай, шынымен-ақ сен айтқандай болса, онда сен олардың аузын ыстық күлмен толтырып жатқандай боласың әрі  Алладан саған оларға қарсы көмекші болады!» – деді» .

Имам Науауи бұл хадисте қатысты: «Аталмыш хадистегі «Олардың ауыздарын ыстық күлмен толтырасың», – деген сөз: «оларға сол істеген күнәлары үшін жіберілетін жаза ауызға салынған ыстық күлмен тең. Әрі оларға біреу жақсылық жасағаннан жақсылық жасаушыға ештеңе болмайды. Ал олар болса оны ренжіткені үшін үлкен күнәға батады», – дегенді білдіреді. Дұрысын Алла анық білуші», – деп түсіндірген.

 

Мұқтаж болса жәрдемдесу

Туыс адам дүниелік не басқадай көмекке мұқтаж болса, әрдайым қасынан табылуы қажет. Бұл олардың арасындағы туыстық қарым-қатынасты күшейтіп, арада мейірімділік пен махаббат орнататыны сөзсіз. Алла Тағала Қасиетті Құранда:

يَسْأَلونَكَ مَاذَا يُنْفِقُونَ قُلْ مَا أَنْفَقْتُمْ مِنْ خَيْرٍ فَلِلْوَالِدَيْنِ وَالْأَقْرَبِينَ وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللَّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей хайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Нендей жақсылық істесеңдер де, күдіксіз Алла оны біледі» де» , – деп айтқан.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайлы: 

الصَّدَقَةُ عَلَى الْمِسْكِينِ صَدَقَةٌ ، وَعَلَى ذِي الرَّحِمِ ثِنْتَانِ: صَدَقَةٌ وَصِلَةٌ

«Кедейге садақа беру – садақа, ал туысқанға көмектесу болса екі сауап. (Бірі) садақаның, (ал екіншісі)  туысқандық қарым-қатынасты сақтаудың (сауабы)», – деген.

Әнастан  (оған Алла разы болсын) мынадай  хадис жеткен: «Ансарлардың ішінде пальма ағаштарын ең көп иемденген Әбу Талха болатын, ал дүниелерінің ішіндегі оған ең қатты ұнайтыны мешіттің алдында орналасқан Байрақа (атты пальмалы тоғай) болатын. (Ол тоғайға) Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) таза суынан ішуге жиі келіп тұратын. Ал мына аят:

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّى تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ

 «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – деп түскен кезде Әбу Талха Алланың елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Иә, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар…», – деді». Ал менің ең сүйікті нәрсем, ол – Байраха. Сондықтан ол Алла жолындағы берген садақам болсын, ал мен осы арқылы жақсылыққа жетіп, о дүниеге дайындаған сауабым болар деп үміттенемін», – деді. Бұған Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بَخٍذَلِكَ مَالٌ رَابِحٌ ذَلِكَ مَالٌ رَابِحٌ! وَقَدْ سَمِعْت مَا قُلْت ، وَإِنِّي أَرَى أَنْ تَجْعَلَهَا فِي الأقْرَبِينَ

 «Тамаша! Бұл дүние табыс әкеледі, әлбетте табыс әкеледі! Мен сенің айтқан сөздеріңді естідім, расында, мен оны туысқандарың мен жақындарыңа беруің керек деп ойлаймын», – деді. Осыдан кейін ол оны туысқандары мен әкесімен (не анасымен) ағайындас ағасының балаларына бөліп берді» .

 

Насихат айту, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю

Мұсылман адам туыстарының туралықта болғандығын қалап, олардың шалыс кеткен жері болса түзу, түзу жолды ескертіп отырады.  Алла Тағала Құранда Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш түсірген аяттарының бірі:

وَأَنذِرْ عَشِيرَتَكَ الأقْرَبِينَ

«Жақын ағайындарыңа ескерт!»,  – деп бұйырған аят еді. Туыстар арасында жасалатын бұндай насихаттарда, ойланып, туысының көңіліне қаяу түсірмейтіндей дәрежеде айтқаны жөн. Әйтпесе, жақсы ниетпен айтылған насихат, дұрыс айтылмауы себепті қабылданбай, қайта туыстық қатынастың бұзылуына да әкеліп соғуы мүмкін.

Ал өзіне насихат айтылған жағдайда, мұсылман адам туысының оған деген жанашырлығы деп біліп, еш ренжіместен қабылай білуі қажет.

 

Думан Сайфулланың «Ислам әдептері» кітабынан