Бас имам Мәуліт кешіне қатысты 3873

Бас имам Мәуліт кешіне қатысты

28 қазан 2024 162 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Көркем мінез кемеңгері Мұхаммед ﷺ » атты адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Мәулітіне арналған рухани кеш өтті.

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында өткен рухани шарада алдымен Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне Құран оқумен басталып, өнерпаздардың термелерімен жалғасын тапты.

Аталған кешке арнайы іс – сапармен келген Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев қатысып, салауат айтудың артықшылықтары мен Пайғамбарға құрмет көрсетудің абзалдығы жайында насихат айтты.

Сондай – ақ, Ақтөбе қалалық «Досжан Хазірет» мешітінің имамы Шынболат Әлімқұлұлы Мәуліт жырын оқыды.

«Адамзаттың ұлы тұлғасы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да ұлық Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық құрмет лайық. Біз осынау рухани кешті өңір жұртшылығы сіздерге арнап ұйымдастырып отырмыз»,- деп атап өтті ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков.

Рухани ғибратқа толы кешті ақсақалдар қорытындылап, батасын берді.

Айта кетейік, ізгі шараға аудан әкімшілігінің қызметкерлері мен кәсіпкерлер, ауыл ақсақалдары және жамағат қатысты. Ізгілікке жол бастар шара қортындысында қатысушылар рухани кештің әсерін бөлісіп, Мәуліт мерекесінің жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, алғыстарын білдірді.