АДАЛДЫҚ – АРДЫҢ ІСІ
Адалдық – Исламдағы адамгершілік құндылықтардың бірегейі, иманның ажырамас бөлігі, сауатты, әділетті қоғамның негізі. Бұл қасиет мұсылманның тек жеке мінез-құлқын ғана емес, отбасыға, көршіге, қоғамға, жануарларға, тіпті табиғатқа деген қарым-қатынасын да қамтиды. Адалдық – адамның рухани деңгейінің, тақуалығының, ықыласының өлшемі. Алланың разылығына ұмтылған жан адалдықты әрдайы өмірінің қазығы етеді.
Аллаға иман еткен мұсылман адамгершілік қасиеттерді жетілдіріп отырғаны абзал. Адам намаз оқып, ораза ұстап, қажылық жасаса, бірақ ол дөрекі, әділетсіз, өтірікші болып, өзгелерге зиян келтірсе, оның діндарлығы толық болмайды. Алла Тағала Құранда былай деген: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)! Шүбәсіз, Алла – Алим (барлық нәрсені, соның ішінде, сендердің жай-күйлеріңді һәм не істеп, не қойып жүргендеріңді толық білуші), Хабийр (бәрінен толық хабардар болушы)».
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал болыңдар. Өйткені адалдық тақуалыққа бастайды, ал тақуалық жәннатқа жетелейді», – деген. Шариғатымыз бойынша өтірік пен алдау ауыр күнә саналады. Себебі ол адамдар арасындағы сенімді жойып, қоғамдық тұрақтылықты бұзады. Сондықтан әрбір ата-ана әуелі өзі адалдық қасиетін бойына сіңіріп, содан кейін ұрпағын адал болуға, өтірік айтпауға, жақсылық жасауға тәрбиелеуі керек. Сонда қоғамда ізгі құндылықтар нақты амалдар арқылы көбірек дәріптеледі.
Адалдықты ұстану кезінде кешірім мен мейірім ерекше орын алады. Ислам тарихында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне қастық жасаған ең ауыр дұшпандарын кешіргені жөнінде көптеген мысалдар бар. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Меккені бейбіт жолмен бағындырған сәтте ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін қуғынға ұшыратқан адамдарды жазалауға мүмкіндігі жетер еді. Алайда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жүсіп пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сөзін қайталап былай деді: «Бүгін сендерге айып жоқ. Барыңдар, бәрің де еркінсіңдер».
Адалдық ұғымы кішіпейілділік пен тәкаппарлықтан алшақ болуды да қамтиды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла кішіпейіл адамды көтереді, тәкаппарды төмендетеді», – деген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басшы бола тұра өте қарапайым еді. Өзін өзгелерден жоғары қоймайтын. Үй шаруасына көмектесіп, киімін өзі жамап, қой сауатын.
Мейірімділік – Исламдағы адамгершіліктің өзегі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мейірім бар жерде бәрі көркем болады», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға ғана емес, жануарларға да мейіріммен қарауды үйретті. Бірде бір адамның түйеге қаталдық көрсеткенін көрген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл тілсіз жануарларға қатысты Алладан қорқыңдар», – деп ескерткен.
Адалдықты ту етпей әділетті қоғам құру мүмкін емес. Адалдыққа қатысты маңызды ұстанымның бірі – өзімізге қалаған нәрсені бауырымызға да қалау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне қалағанын бауырына да қаламаған адам толық иман келтірмейді», – деген. Бұл қағида, яғни шынайы адалдық әділдік орнатуға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл хадиске амал ету әділ қоғамға негіз болады. Қоғамда адалдық, адамгершілік сынды құндылықтар жоғалған кезде көреалмаушылық, өтірік, опасыздық, әділетсіздік пен жемқорлық жайлайды. Мұндай дертке душар болған, яғни нәпсі қалауына ерген адам міндетті түрде зиянға ұшырайды. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Сол нәпсіні (тәкаппарлық пен Аллаға қарсы келу дертінен) арылтқандар (Алланың ауыр азабынан), сөзсіз, құтылып, мұратына жетеді. Ал нәпсісін (тәкаппарлық пен күнә батпағына) батырып бүлдіргендер, сөзсіз, адыра қалады (бар жақсылықтан мақұрым қалады) («Шәмс» сүресі, 9-10-аяттар), – деп ескерткен.
Адалдық – тек көркем мінездің бір қыры емес, ол адамның ішкі рухани өзегі, ар-ұятының айнасы. Қазақ халқы ежелден «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп арды бәрінен жоғары қойған. Демек, адалдық – ардың ісі, ал ар – адамның адамдық болмысының өлшемі. Би-шешендеріміз бен жырауларымыздың рухани мұраларында ар, намыс, ұят ұғымдары ерекше орын алған. Ойшыл Абай Құнанбайұлы ар-ұятты иманмен байланыстырып, «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» деп, арлы адамның жамандықтан тыйылатынын айтқан. Оның «Толық адам» ілімінде де әділет, рақым, мейіріммен қатар ар тазалығы басты орын алады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да «ар ілімін» көтеріп, адамды бақытқа жеткізетін негізгі жол ретінде арды таза сақтау екенін айтқан. Бабамыздың пікірінше, ар – адамның ішкі соты. Егер адам сол соттан сүрінбей өтсе, қоғам да түзеледі. Қазақ қоғамында «адал еңбек», «адал ас», «адал жар», «адал дос» деген тіркестер бекер айтылмаған. Бұл ұғымдар адамның өмірінің барлық саласында адалдық қажет екенін аңғартады. Адал еңбектенген адам ғана берекеге жетеді. Халал ризықпен өскен ұрпақтың мінезі де көркем болады.
Адал адам ең алдымен ішкі тыныштыққа ие болады. Ар алдында таза болу – үлкен бақыт. Өтірік пен қиянат адамды іштей мазалайды, жүрегін қарайтады. Ал адалдық жүректі нұрландырады, дұғаның қабыл болуына, ризықтың берекелі болуына себеп болады. Ислам ғұламалары: «Кімде-кім адалдықты ұстанса, Алла оған кеңшілік береді» деген. Өйткені адалдық – тақуалықтың белгісі. Адал жан өзгеге зиян тигізбейді, керісінше қоғамға пайдасын тигізеді.
Асыл дініміз мұсылман емес адамдармен де жақсы қарым-қатынас орнатып, әділ болуға шақырады. Құранда: «Алла сендерді өздеріңмен дін үшін соғыспаған және өз ата мекендеріңнен қумағандарға жақсылық жасаудан һәм оларға барынша әділ болудан тыймайды. Шүбәсіз, Алла әділдікке, адам құқығына ерекше мән беретіндерді жақсы көреді» («Мумтахина» сүресі, 8-аят), – делінген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды діни қызмет аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады. Еліміздегі дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамасында Бас мүфти: «Бұл – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Адалдық ұғымы Алламен қатынаста иманымызды күшейтуге, адамдармен қарым-қатынаста туралықты ұстануға, ал өз-өзімізбен қарым-қатынаста ар-ождан тазалығын кірлетпеуге үйретеді. Бұл бастама әрбір адамды өз ісіне адал болуға, әділдік пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным етуге үндейді. Осы жолда баршамыз бірлесе еңбек етсек, әділетті, берекелі, рухани тұрғыдан қуатты адал қоғам қалыптасуға үлес қосамыз» деп атап өтті.
Адалдық – ардың ісі. Адалдық – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Ол сенім мен берекенің, әділет пен татулықтың негізі болмақ.
Талғат ӘСЕМБАЙ,
«Шымкент» медресе колледжінің директоры





































