#Рамазан2026: «Адал қоғам», «Арақсыз қоғам», «Арақсыз Рамазан» акциялары ұйымдастырылды
Рамазан айы – рухани тазару мен қоғамда ізгі құндылықтарды нығайтатын қасиетті кезең. Осыған орай Ақтөбе облысы өкілдігінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Рамазан айының жоспарына сәйкес, «Адал қоғам», «Арақсыз қоғам», «Арақсыз Рамазан» акциялары ұйымдастырылды.
Аталған бастама аясында елге сыйлы ақсақалдар мен қоғам белсенділері мешіт қызметкерлерімен бірлесе отырып, елді-мекен аумағындағы дүкендер мен сауда орындарын аралап, Рамазан айының маңызы мен адал кәсіптің берекесі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар кәсіп иелеріне қасиетті айда арақ-шарап сатпау жөнінде насихат айтылып, қоғам тыныштығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік мәселелері қозғалды. Рамазан кестелері таратылды.
Бұл игі шара «Қабақ баба» мешіті бас имамы Нұрлыбек Молдабайұлының бастамасымен Заречный-3 ауданында жүзеге асырылды. Кәсіпкерлер тарапынан қоғамға пайдалы іске қолдау білдірді.
Рамазан айында адалдықты дәріптеу мен зиянды әдеттерден сақтандыру – баршаға ортақ міндет. Осындай бастамалар қоғамда береке мен бірлікті арттырып, жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Акция нәтижесі бойынша 10 дүкеннің төртеуінде арақ сатылмайтын болды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі











































