Ақтөбе: Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде 300 балаға оқу құралдары мен сөмке табысталды
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазреттің бастамасына орай Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Игі шараға дін жанашыры, кәсіпкер Берік Сералыұлы отбасы атынан 4 000 000 теңге демеушілік танытып, соның нәтижесінде 300 балаға мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмкелер салтанатты түрде табысталды. Одан бөлек қайырымдылық шарасында оқушыларға аяқ киімде берілді.
Облыстың Бас имамы Амантай Садиев балаларға қуаныш сыйлап, қайырымдылық акциясына атсалысқан қолы ашық, жомарт жан, бас демеуші Берік Сералыұлына ерекше алғысын білдірді. Сондай-ақ Алла Тағаладан оның отбасына амандық, кәсібіне береке мен өркендеу тілеп, дұға жасады.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Мал-мүліктерін Алла жолында жұмсайтындардың мысалы – жеті масақ шығарған, әрбір масағында жүзден дәні бар бір тал дән іспетті. Алла қалаған құлына бұдан да еселеп береді...» («Бақара» сүресі, 261-аят) – деп, мұқтаждарға қол ұшын созған жандардың сауабы еселеніп қайтатынын сүйіншілеген. Осы ізгі жолды ұстанған ардақты пайғамбарымыз да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім таршылық көрген адамның ісін жеңілдетсе, Алла оның ісін дүние мен ақыретте жеңілдетеді» (Сахих Муслим), – деп үмбетін қайырымдылыққа үндеген.
Игі бастаманың негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ықпал ету.
Шара қорытындысында жүректері елжіреген ата-аналар да өз ризашылықтарын жеткізді: «Оқу жылы басталғанда отбасымыздағы 5-6 баланы киіндіріп, қажетті заттармен қамтамасыз етіп, мектепке дайындау мынандай қымбатшылық уақытында бізге аса ауыр. Осындай мешіт жанынан ұйымдастырылатын ізгі шаралар қашанда біздің жанымызға медеу болады. Бас мүфти, облыстың Бас имамы, бас демеуші және мешіт қызметкерлеріне Алла разы болсын!» – деп ақжарма тілектерін айтып, алғыстарын жаудырды.
Ақтөбе облысы бойынша 1000-нан астам балаға көмек беріледі. Сонымен қатар қала және аудан имамдары қайырымдылық бастамасына атсалысуда. Бұл жоба 30 тамызға дейін өз жалғасын таппақ.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


















































