28 бала тәрбиелеп отырған отбасыға қайырымдылық жасалды
ҚМДБ бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының қайырымдылық шарасы өтті.
Аталған игі іс өңірдегі «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен «Бір реттік көмек» акциясы аясында жүзеге асты. 28 баланы қамқорлығына алған Жетесовтар отбасына (жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған) қайырымдылық көмегі көрсетілді.
Шара барысында 20 балаға арналған екі қабатты керуеттер, толық төсек-жабдықтары, сондай-ақ балаларға тәттілер мен ойыншықтар табысталды.
Қайырымдылық шарасына Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы және мешіт жамағаты арнайы барып, табыстады.
Жетесовтер отбасы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіретке және имамдар мен демеушілерге алғысын білдірді.
Қасиетті Құранның 200 жерінде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Осы сауабы мол іске қолдау көрсеткен демеушілер мен барша жанға Алла Тағала сансыз сауаптан жазсын!
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
























































